Атырау, 21 желтоқсан 11:56
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Хоккейшілеріміздің жағдайы жаман емес. Ал жақында ресейлік ойыншыны Құрманғазының қызына үйлендірдік»

Сурет
2 025 просмотра

Атырау облысында биыл қысқы спорт түрлерін дамытуға 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді, оның ішінде 850 млн теңге «Бейбарыс» хоккей клубына бөлінді. «Бейбарыс» құрылымына мәнерлеп сырғанау да кіреді. Біз клуб директоры Сағындық МЕКЕЕВКЕ бірнеше сұрақ қойған едік.

- «Бейбарыс» қазір тұрақты чемпионатта қай деңгейде келе жатыр?

- Үздік үштіктің қатарындамыз - алдыңғы орында көкшетаулық «Арлан», одан кейін қарағандылық «Сарыарқа» бар. Наурыз айында сегіз команда іріктеліп шығып, плей-офф ойындары басталады.

- Өткен маусыммен салыстырғанда, хоккей командасының құрамында қандай өзгеріс бар?

- Команда құрамын 70-80 пайызға өзгерттік. Кәсіпқой спорт түрі болған соң, мықты ойыншылар кім ақша көп береді, соған кетіп қалады. Бірақ бізде Артем Агроков бастаған жақсы бапкерлік штабымыз бар. Тұрақты чемпионатта үздік үштікте боламыз деген сенім бар. Ал плей-офта финалға жетеміз деп үміттенеміз.

- Ал жас хоккейшілер арасында қандай нәтиже бар?

- Өкінішке орай, алдыңғы бапкерлер балалардың дене жаттығуларына көңіл бөлмей, балалар алаңда тез шаршап қалатын. Содан бұрын 10 жыл «Бейбарыста» ойнап демалысқа қалған Евгений Дерягин деген ойыншыны былтыр Ресейден қайта шақырып алып, балалар хоккейіне бапкер қылып тағайындадық. Бапкерге жергілікті жердің менталитеті де таныс, қазір жұмыстары нәтиже беріп келеді. Бүгінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында хоккейден Қазақстан чемпионатында Атырау командасы бірінші орында көш бастап тұр. Одан кейін 11-12 жастағылардан құралған тағы бір командамыз бар.

- Хоккейге баласын әкелушілер көп пе?

- Қазір 100 ге жуық бала хоккейге келіп жүр. Әлі де хабарландыру беріп, 4 жастан бастап балаларды тартып жатырмыз. Биылдан бастап балаларға экипировканы түгел алып беріп жатырмыз. Мысалы, клюшка, үстіндегі қорғаныс киімдері, тізеге, қолына арналған қорғаныстар, конькиі - түгелімен бір балаға 300 мың теңгеге дейін барады. Ынталы балаларға барлық жағдайды жасап отырмыз. Мақсатымыз - үлкен командаға атыраулық ойыншыларды қосу.

- Мәнерлеп сырғанаушыларға қандай көңіл бөлінуде?

- Мәнерлеп сырғанау бойынша жаттықтырушы тапшы. Атырау түгілі, Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудан бапкер тапшы екендігін білген соң шетелдік бапкерлер бізге жалақы бойынша өте жоғары талап қояды. Бірақ біз оңтайлы жолды таптық, бірнеше күн бұрын ғана қырғызстандық 18 жастағы мәнерлеп сырғанаушы әрі бапкермен келісімшарт жасап, жұмысты бастадық. Ол қыз 6 дүркін Қырғызстан чемпионы.

Қазір мәнерлеп сырғанаудан 70-ке тарта оқушы бар. Солардың ішіндегі жалғыз ұл жақында елордада өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанып келді. Ал 19 жастағы екі қызымыз күміс жүлдеге ие болды.

Мәнерлеп сырғанау бойынша тағы бір бапкер шақыртуды ойлап жатырмыз.

- Мәнерлеп сырғанаудан бапкердің жағдайы жақсы жасалған ба?

- Бапкердің жалақысы 1000 доллардан асады. Оған қоса үйін, барлық жағдайын жасап береміз. Хоккейшілер де дәл солай, отбасылы ойыншыларға пәтер жалдап береміз, ал бойдақтар қонақ үйде тұрады. Айтпақшы, жақында «Бейбарыс» командасында 6 жылдан бері ойнап келе жатқан ресейлік ойыншы Құрманғазы ауданының қызына үйленіп, қонақ үйден пәтерге ауысты.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор 

8 ақпан 2022, 16:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.