Атырау, 8 қазан 01:31
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Ақшолақов сұйытылған газ бағасы туралы: «Зауыттар шығынға батып жатыр»

1 873 просмотра

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов газдың төмен бағасы қалай қамтамасыз етілгені туралы айтты.

Шараға онлайн қатысқан журналистердің бірі министрліктің газ бағасын қалай реттеуді жоспарлап отырғанын сұрады. Бұл сауалға жауап берген министр 180 күн ішінде сауда ережелері мен сұйытылған газдың баға жүйесін реформалау әзірленетінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаңтардың басында сұйытылған газдың бағасын мемлекет бақылауына алу туралы шешім қабылданған болатын. Қазір оның бағасы 50 мен 75 теңге аралығында тұр. Бірақ, белгіленген 180 күннің ішінде жанар-жағармай сияқты сұйытылған газдың да бағасын қалыптастыру жүйесі мен сату ережелерін реформалауымыз керек. Зерттеулер көрсеткендей, жанар-жағармай сияқты сұйытылған газдың да нарық тізбегінде өнімсіз делдалдар бар», – деп түсіндірді Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, сұйытылған газдың нарық тізбегінде меншігінде не газ құю, не газ жинақтау стансасы жоқ компаниялар бар. Соған қарамастан, олар газ тарату жүйесінде отыр. Дегенмен, нақты газ өндірушілер, газ құю стансалары немесе үйлерге қажет газды жинақтайтын стансалары бар компаниялар ғана қалуы тиіс.

«Бұл бізге, тіпті, осы 50 теңгелік бағаның ішінде нарық тізбегіндегі қатысушылардың кірістілігін қайта реттеуге мүмкіндік береді. Яғни, газды сатушылар мен өндірушілердің арасындағы табыс теңгерімі қайта қаралады. Негізі, газ өндірушілердің табысы көбірек болуы керек. Өйткені біздің зауыттардағы сұйытылған газдың өзіндік құны тоннасына 100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл – бір литр газды өндіруге ғана шамамен 50 теңге кетеді деген сөз. Әзірге бұл зауыттар белгіленген 180 күнде шығынмен жұмыс істейді», – деді Болат Ақшолақов.

3 ақпан 2022, 17:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.