Атырау, 25 сәуір 17:36
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Мұны көріп тұра алмаймын, одан да каталажкаға жіберіңдер!»

1 636 просмотра

Жақында Атырау тұрғыны Олеся ВЕРТИНСКАЯ (суретте) әлеуметтік желіде полицейлердің дөрекі әрекеттері туралы видео жариялады. Мен онымен хабарластым. Себебі, 5 қаңтар күні «Дорожный контроль» деген жазуы бар сары жилет киген оны Исатай мен Махамбет алаңында, одан кейін облыс әкімдігінің жанынан көрген едім. Ол «Дорожный контроль» ҚБ ақпараттық порталының меншікті тілшісі бола отырып, болған оқиғаның бәрін түсірген. 

ҚБ-ның заңды мекенжайы Шымкент қаласында тіркелген, бірақ бұл қоғамдық бірлестік пен осы аттас желілік басылым бүкіл Қазақстан бойынша жол қозғалысына қатысушыларды полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінен қорғаумен айналысады. 5 қаңтарда Вертинская тілші ретінде видео түсірді, бірақ, әрине, ол тек жолда болып жатқандарды ғана түсіріп қоя салған жоқ. 

Оның айтуынша, 7 қаңтарда оны үйінен алып кетіп, ҚПБ-на жеткізген. Жауап алу кезінде психологиялық қысым көрсетіп, жазасын алатынын айтып, қоқан-лоқы көрсеткен. Келесі күні оны тағы да үйінен алып кеткен. Бұл жолы ол сол «Динамоның» жаттығу залында болған. Оның ұялы телефонын алып, «Дорожный контроль» редакциясы үшін дайындаған бүкіл видеоматериалдарды жойып тастаған. 

- Осыдан кейін камуфляж киген адам мені тінте бастады. Маған тиіспеуді және қызметкер әйелді шақыруды талап еттім, бірақ ол тек күлді, - дейді О.Вертинская. - Мені қабырғаға қаратып қойды, бірақ сонда да ұсталғандарды ұрып-соғып жатқанын көрдім және естідім. "Мұндайды көріп, естіп тұра алмаймын, одан да каталажкаға жіберсін" дедім. Маған «Сені атып тастау керек, басыңды кесіп алу керек!» деп, түрлі сөзбен балағаттады. Бір қызметкер аяғыңды кең ашып тұр деп, аяғымен тепкілей бастады, желкемнен ұрып жіберді. Рас, бір адам өзін қызметкермін деп (дәл есімде жоқ, есімі «Арыстан» ба, «Арлан» ба) таныстырып, араша түсіп, заңсыз әрекеттерді тоқтатуды талап етті. Содан кейін үйіме босатып жіберді. «Динамода» алты сағаттан астам уақыт болдым. 

Вертинскаяға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы («ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу") бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Бірақ сотта ол митингіге қатысушы емес, тілші ретінде кәсіби міндетін атқарғанын дәлелдепті. Сөйтіп сот заң бұзушылық құрамының жоқтығына байланысты істі қысқартқан. Бұл ретте Вертинскаяның адвокаты Айбар ҚОСЫМБАЕВ ҚР Конституциясының 32-бабына («Азаматтар бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар өткізуге хақылы») және  «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 20-бабының 4-тармағына («Журналист дүлей зілзалалар ауданында, бейбіт жиналыстарда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделерді білдірудің өзге де нысандары кезінде болуға құқылы») сілтеме жасады.  

ОБЛЫСТЫҚ СОТ ДЕРЕКТЕРІ 

Атырау облыстық сотының мәліметінше, 7-27 қаңтар аралығында ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша 230 іс қаралған. Олар бойынша 5 адамға айыппұл, 184 - әкімшілік қамаққа алу, 39 – ескерту жазасы берілген, тағы екі іс құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартылған. 

ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы («Төтенше жағдай режимін бұзу») бойынша 213 іс қаралды. Олар бойынша, 22 адамға айыппұл, 45 - қамауға алу, 127 - ескерту жазасы берілді. 19 іс жабылды. 

ҚР ӘҚБтК-нің 478-бабы («Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер») бойынша бір іс қаралып, қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды. 

 

«КАЛАШ» ЖӘНЕ ПОМПАЛЫ ҚАРУ ТАБЫЛДЫ 

- Қазіргі уақытта өткен тәртіпсіздіктерге байланысты қызметкерлеріміз полиция қызметкерлеріне тиесілі ұрланған және жоғалған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, арнайы құралдарды табу және тәркілеуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде, - деді ПД бастығының орынбасары Болат КӨШҚАЛИЕВ. Оның айтуынша, бүгінде бір Калашников автоматы, бір «Форт-500М» помпалы қару және 45 дана арнайы құрал тәркіленді. 22 қылмыстық іс қозғалып, оның 14-і бір өндіріске біріктірілген. 

Айнұр САПАРОВА

3 ақпан 2022, 12:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.