Өткен жұмада облыстық Шаймардан Сариев атындағы өнер музейінде «Ана - өмір, ана - бақыт, ана - жыр» атты балалардың сурет көрмесі болып өтті.
Бұл балалар музей жанындағы көркемөнер студиясында оқиды. Мұнда 5 және 16 жас аралығындағы барлығы 20 оқушының 106 жұмысы ілінген. Аталмыш музей олардың жұмыстарын көрмеге жиі ілуге тырысады. Жұмыс дегенде, онда таза бала қиялы, балғын көзқарас, сүйікті ісінің шағын ғана жемісі орын алған. Мұндағы музей қызметкерлерінің мақсаты – жас суретшілерді әрмен қарай шабыттандыру, ынталандыру, қанат бітіру әрі аналарына деген шексіз сүйіспеншіліктерін бейнелеу тілімен жеткізуге мұрындық болу. «Адам – сүйікті ісімен сүйкімді» деген ұғыммен татулас ұғымтал өрендер өз суреттерінде аналардың бейнесін салуға тырысқан. Бірі анасының ой үстінде отырғанын көрсе, енді бірінің анасы іш киімге келетін киіммен ас үйде тамақ пісіріп тұрғанын салыпты. Баланың көзімен салынған жұмыстарды, мейлі ол қандай бояумен, қандай бейнені салғанын және онысы қалай салынған болса да, терең үңіліп, бір зерделеп көрсеңіз, көп нәрсені түсінесіз. Бұл жерде психолог та сізге балаңыз салған сурет арқылы нені ұғындырғысы келгенін ұғуға болатынын айтып береді.
Сонымен, көрме барысында студия оқушыларының жұмыстарына баға берілді. Мәселен, Катя Досыкова (7 жас), Валерия Хвостикова (9 жас), Карина Бисалиева (12 жас), Лия Измуханова (8 жас), Александра Кузнецова (10 жас), Малика Бағытжанова (9 жас) мақтау қағаздарымен марапатталса, 3-ші орынға Глеб Шумлянский (6 жас), Юля Сабирьзянова (9 жас), Лера Шин (5 жас) лайықты деп танылды. 2-ші орын Әбунасыр Мусаев (9 жас) пен Әмір Қуанышевке (7 жас) берілді. Ал, 1-ші дәрежелі диплом 8 жастағы Айназ Дүйсеноваға тапсырылды. Сондай-ақ, музей тарапынан бәріне де құлақ аспаптары (наушники) үлестірілді.
Балалардың сурет көрмесі әрмен қарай ересек суретшілердің әйел-аналарға арнаған сурет туындылары көрмесін тамашалаумен жалғасты. Балғын суретшілер суретші ағалары мен апаларының жұмыстарына тәнті болып, кейбірінің көзінен қылқалам шебері болсам деген арманының ұлғая түскені байқалды.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген автор