Атырау, 26 сәуір 00:08
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

...Далада қалған жануарға да тамақ сала кетіңіз

Сурет
1 321 просмотра

Жақын арада Атырау супермаркеттерінде және ветеринариялық клиникаларда далада қаңғып қалған жануарларға азық-түлік салатын қайырымдылық жәшіктері қойылады. Оған ит пен мысыққа арналған тамақтан басқа макарон өнімдерін, әртүрлі консерві және ұзақ сақталатын өнімдерді де салып кетуге болады.

- Бұл әдіс басқа елдерде кеңінен таралған. Адамдар супермаркеттерде сауда жасай жүре қожайынсыз қалған жануарларға да азық-түлік сатып алады. Ресейден келген еріктілер бізге сондай жәшіктерді өзімізде орнатуға бірнеше рет кеңес берген. Осындай бір жәшіктің бағасы 80-100 мың теңге аралығында. Әзірге үшеуі жасалды. Бір супермаркет желісі және ветеринариялық емханалармен өз ғимараттарында сол жәшіктерді орнатуға келістік. Әрине, бұл тұрғыда сауда орталықтарын таңдаған дұрыс, өйткені ол жерде түрлі өнім бар және келушілердің легі көп болады. Бүгінде жануарлар паналайтын жерде түрлі азық-түлік, ветеринариялық препараттар өте қажет, – дейді «Мейірімді жүрек» қоғамдық қорының жетекшісі Венера МАНАСОВА

Бұл «Мейірімді жүрек» қоры өткізген алғашқы акция емес. Кезінде ондағы еріктілер қала әкімдігінің қолдауымен қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұрықсыздандыру, сондай-ақ олар үшін үйшіктер орнату бойынша пилоттық жобаны қолға алған болатын. Атырау Қазақстанда мұндай бастама көтерілген алғашқы қала болды. Үйшіктер қаланың әр жерінде орнатылды. Шереден жасалған үш қабатты үйшіктерге жануарлар суық кезде паналай алады. Үйшіктің табанында табақшалар бар.

Еске салсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын еріктілер «Көк арна» аумағында базаны жалға алып, қоршау салып, бейресми панажай жұмысын ұйымдастырған болатын. Қазір онда 130 жануар паналаған.

Тағы 70-і кинологта кідірген - бұл медициналық көмекті қажет ететіндер: мүгедек, соққыдан зардап шеккендер мен буаз иттер. Еріктілердің қарауында барлығы 200 жануар бар.

2019 жылы әкімдік «Мейірімді жүрекке» 500 орындық толыққанды панажай салу үшін Астрахань тас жолы маңынан 16 гектар жер бөлді. Рас, бұл жерді мемлекеттен 6 693 120 теңгеге сатып алу керек. Қазіргі таңда қала тұрғындарының көмегімен аумаққа қоршау орнатылып, сонда тұратын 10 итке арналған күркелер салынды. Одан артыққа еріктілердің әзірге қаражаты жоқ, бірақ қаланың мейірімді тұрғындары бей-жай қалмайды деп үміттенеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

2 ақпан 2022, 12:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.