Атырау, 25 сәуір 07:16
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Жаңа спикер мәжіліс қандай міндеттерге басымдық беретінін атап өтті

1 188 просмотра

Парламент мәжілісінің жаңа төрағасы Ерлан Қошанов алдағы уақытта төменгі палата қандай міндеттерге басымдық беретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Спикер жаңа Қазақстан құру жолында парламентке зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті.

Айтуынша, мұндай сындарлы кезеңде халық сенімінен шығып, президент бастамаларын барынша қолдау – депутаттардың басты міндеті.

"Сайлаушылар тарапынан депутаттарға қойылатын талап та қашан да жоғары. Әсіресе, кешегі қаңтар оқиғалары бүкіл еліміз үшін үлкен сын болды. Күн тәртібінде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап қалу мәселесі тұрды. Елімізге қауіп төнген сын сағатта мемлекет басшысы барлық жауапкершілікті өзіне алып, батыл шешімдер қабылдады. Президент халық қауіпсіздігі мен мемлекет мүддесі бәрінен биік екенін өз ісімен дәлелдеді. Ендігі жерде бұл талап, әсіресе, біз үшін басты қағида болуға тиіс", - деп бастады Қошанов мәжіліс отырысын.

Спикер бірінші кезекте парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қажет екенін мәлімдеді.

"Халық сайлаған депутаттар, ең алдымен, өз сайлаушыларына жақын болуы қажет. Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау – кез келген келеңсіздіктің алдын алудың негізгі алғышарты. Сондықтан алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық сектормен, БАҚ өкілдерімен, әсіресе өңірлердегі қоғам белсенділерімен тығыз байланысын одан әрі жандандыратын боламыз. Бұл президент бекіткен "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасын нәтижелі жүзеге асырудың басты ұстанымы", - деді мәжіліс төрағасы.

Айтуынша, мәжіліс алдына қойылған жаңа міндеттерді табысты орындау үшін азаматтық қоғаммен қатар мемлекеттік органдардың барлық тармағымен, соның ішінде сенатпен, үкіметпен, сотпен өзара тығыз қарым-қатынасты күшейту қажет.

Қошанов мәжіліс демократия институты ретінде қоғамға ашық бола түсетінін, алдағы уақытта да идея бәсекесі мен конструктивті пікірталасты қолдайтынын айтты.

"Жұртпен қарым-қатынас, олардың мүддесін қорғау – сіз бен біздің күнделікті жұмысымыздың негізі. Депутаттардың сайлаушылармен тиімді жұмыс істеуі үшін біз барлық жағдайды және қосымша мүмкіндіктерді жасауымыз қажет. Мүмкін, мәжілісте халықпен кездесу форматын қайта қарауымыз керек шығар", - деді ол.

Қошанов жұрттың мұқтажын білу үшін және заңдар қабылдау арқылы олардың көкейкесті проблемаларын шешу үшін депутаттар сайлаушылармен жиі кездесуге тиіс екенін атап өтті.

2 ақпан 2022, 11:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.