Атырау, 4 қараша 15:58
 дождьВ Атырау +15.6
$ 453.26
€ 506.70
₽ 5.58

​Қазақстанда екі жаңа МӨЗ салу жоспарланып отыр: оның бірі Атырау облысында салынуы мүмкін

132 рет қаралды

Қазақстан қуаты жылына 2 млн және 10 млн тонна мұнайды құрайтын екі жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысын қарастырып жатыр. Біріншісін Ақтөбе облысында орналастыру жоспарланса, екіншісі үшін Атырау облысын қоса алғанда, үш өңір қарастырылуда.

Бұл туралы 4 қарашада Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады, деп хабарлайды Reuters.

Министрдің айтуынша, Ақтөбе облысындағы жаңа МӨЗ жылына 2 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алады. Оның өнімдерін ішкі нарыққа да, Ресейден мұнай өнімдерін жеткізудегі іркілістерге тап болып отырған Орталық Азияның көршілес елдеріне де жеткізу жоспарлануда.

Кәсіпорын құрылысы түпкілікті шешім қабылданған сәттен бастап екі жылдай уақытты алады. Бұл ретте Үкімет бұл жобаны әлі бекіткен жоқ. Ақкенженов нақтылағандай, шешім таяудағы бір-екі ай ішінде қабылдануы мүмкін.

Сонымен бірге, Қазақстан билігі қуаты жылына 10 млн тонна мұнайды құрайтын тағы бір, бұдан да ірі МӨЗ құрылысын пысықтауды жалғастыруда. Оған үш ықтимал алаң — Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстары қарастырылуда. Кәсіпорынды орналастыру бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

Жаңа зауыттар салудан бөлек, Энергетика министрлігі елдегі жұмыс істеп тұрған үш МӨЗ — Атырау, Павлодар және Шымкент зауыттарының жиынтық қуатын жылына 18 млн тоннадан 27,7 млн тонна мұнайға дейін арттыруды көздеп отыр.

Отын-энергетика кешенінің Жағдайлық-аналитикалық орталығының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан өткен жылғы 16,791 млн тоннамен салыстырғанда 17,464 млн тонна мұнай өңдеді. Бұл ретте мұнай өндіру 99,6 млн тоннаға жетті, оның 78,8 млн тоннасы экспортқа жіберілді.

Энергетика министрлігі мұнай өңдеу қуаттылықтарын кеңейту Қазақстанға бензин мен дизель отынына деген өз қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, Орталық Азия елдеріне мұнай өнімдерін жеткізуді де арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Бүгін, 14:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.