
Өткен жылғы қаржылық тексерулердің қорытындысын ӨКҚ-де өткен брифингте Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Аслан ҚҰМАРОВ жариялады. Көптеген, соның ішінде қылмыстық сипаттағы заңбұзушылықтар анықталды. Құмаров оның бір себебі - бірінші басшы өзінің электронды цифрлық қолтаңбасын есепшілерге беріп қоюынан деп есептейді. Себебі бұл бақылаудың жоқтығын сездіреді.
Құмаровтың айтуынша, заңбұзушылықтардың басым бөлігі - республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны мақсатсыз пайдалану, жалақыға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау, жер сатудан түскен кірістің бюджетке толық түспеуі мәселелеріне қатысты.
Мәселен, Атырау қалалық жер қатынастары бөлімі, оның пікірінше, жерді сатудан түсетін ірі кірісті мүлде қадағаламаған. Жер телімін сатып алған кәсіпкерлер төлем туралы жалған түбіртек берген. Құмаровтың айтуынша, мұндай жағдайда жергілікті атқарушы орган мемлекеттік кірістер органдарындағы нақты түсімдерді жүйелі түрде тексеріп отыруы керек.
Былтыр 113 объектіге (61 мемлекеттік мекеме, 52 квазимемлекеттік сектор субъектісі) аудиторлық іс-шаралар жүргізілді. Мемлекеттік аудит 97 млрд 804 млн 863,4 мың теңге бюджет қаражатын (оның ішінде 7 млрд 201 млн 428,8 мың теңге - республикалық бюджет қаражаты) қамтыды. Жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам бұзушылықтар анықталды, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 742 млн теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты – 423 млн теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты – 1 млрд теңге.
Барлығы 2 млрд 9 млн теңге – Бюджет кодексінің, 80 млн 211 мың – Еңбек кодексінің, 44 млн 389 мың – Салық кодексінің, 35 млн 692 мың – Жер кодексінің нормаларын бұзу, 31 млн 372 мың – бухгалтерлік есеп жүргізу нормаларын бұзу, 23 млн 90 мың – «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң нормаларын бұзу арқылы жасалған.
Тексеру нәтижесі бойынша 138 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Құзырлы органдарға шара алу үшін жолданған материалдар негізінде 256 әкімшілік іс қозғалып, 120 жеке және заңды тұлғаға жалпы сомасы 16 млн теңгеге айыппұл салынды.
Ал 11 материал құқық қорғау органдарына жолданған. Олардың 4-еуіне сот үкімі шықты. Мәселен, Мұқыр ауылдық округі әкімі аппаратының есепшісі қызметкерлердің атынан өзінің жеке шоттарына 18,4 миллион теңге аударғаны анықталды. 189-бап бойынша («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ал Атыраудағы №26 «Жұлдыз» балабақшасының есепшісі 25,6 миллион теңге бюджет ақшасын өзінің банк картасы мен туыстарының карталарына аударған. 189-бап бойынша 6 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
– Бұрын Тексеру комиссиясы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмай, материалдарды құзырлы органдарға жіберетін. Ал соңғы уақытта өзіміздің әкімшілік іс қозғауға құқығымыз бар, – деді Құмаров. - 3 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 449,2 мың теңгеге айыппұл салынды.
Оның айтуынша, ай сайын жалпы облыс пен аудандар бойынша бюджеттің атқарылуы туралы есепке жүйелі түрде талдау жүргізілетін болады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -2