Атырау, 11 қазан 07:39
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Дүбірлі доданың дарабоздары

3 337 просмотра

Наурыздың 4-і күні қалада «Жарқын болашақ» атты ІІІ-ші республикалық қазақ тілі олимпиадасына облыстық іріктеу кезеңі өткізілді. Оны облыстан барлығы 114 мектептен 992 оқушы қатысты. Осы олимпиадада жүлделі орын алған оқушылар сәуірдің 6-сы мен 8-і аралығында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.

Жалпы, бұл олимпиада аудандық, облыстық, республикалық болып үш кезеңнен тұрады. Бұл «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының бастамасымен және ҚР білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім беру басқармасының қолдауымен қазақ-түрік лицейінің ұстаздары ұйымдастырып отыр. Ондағы мақсат – қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, қазақ халқының әдеби-мәдени және рухани қазыналарын кеңінен насихаттап, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, дүниетанымын ашу.

Олимпиада барысы алты бөлімге бөлінді: 1. «Тілші әдебиетшілер», 2. «Сөз шеберлері». 3. «Әнші бұлбұлдар», 4. «Сахна саңлақтары», 5. «Жас ғалымдар», 6. «Жазушылар».

Оқушылардың білімі мен өнері сыналған жарыста Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің және Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка колледжінің ұстаздары, Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының актерлері мен Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері қазылық етті. Қазылар алқасы наурыздың 5-і күні олимпиаданың жабылу салтанатында жеңімпаздар есімін жариялады. Жүлделі орын алғандар көп. Біз олардың ең жүйрік болып, бірінші қатарға шыққандарының ғана тізімдерін жариялағанды жөн көрдік.

Сонымен, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша 1-орын Қызылқоға ауданының №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Мерей Пангерейге, «Тілші-әдебиетшілер» бағыты бойынша 1-орын Махамбет ауданының Тілендиев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Ақтолқын Бисешоваға, «Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша 1-орын Жылыой ауданының № 24 мектеп оқушысы Шерхан Сатыбалдиевке, «Сахна саңлақтары» бағыты бойынша 1-орын Атырау облыстық  қазақ-түрік лицейінің оқушылары Мирас Жалмурзин, Мұхтар Орынбасаров, Ержан Ағатай, Дәурен Әбутәліпке, «Жас ғалымдар» бағыты бойынша 1-орын Индер ауданының Махамбет атындағы орта мектебінің оқушысы Берқайыр Жаңбырбаевқа, «Жазушылар» бағыты бойынша 1-орын облыстық ұлттық гимназияның оқушысы Абылай Жұмашевқа бұйырды.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

9 наурыз 2011, 21:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.