Атырау қалалық №2 соты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») және 369-бабы («Қызметтік жалғандық жасау») бойынша айыпталған М.Бекмұхамбетов атындағы мектеп директорына қатысты үкім шығарды. Ол «АЖ» оқырмандарына былтыр мектептің спорт залындағы жөндеу жұмыстарын аяқтауға мұғалімдер жіберілген хикаядан жақсы таныс.
Сотта анықталғандай, мектеп директоры 2018 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың шілдесіне дейін табель толтырып, бұйрық шығару арқылы оған жалған мәлімет енгізіп, нәтижесінде 6 миллионнан астам бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған.
- Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардан алынған жауаптармен, сараптама және аудиторлық тексеру қорытындыларымен толық дәлелденді, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотқа дейін әйел мемлекетке келтірілген шығынды өтеп, негізгі сот талқылауы барысында прокурормен процессуалдық келісімге келген. Осыны, сондай-ақ кәмелетке толмаған баласының болуын ескере отырып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырумен қатар 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Фархат АБИЛОВ