
Қазақстанда жылыту маусымына байланысты тұрғын үй секторында профилактикалық рейдтер мен аулаларды аралау жұмыстары күшейтіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруді, соның ішінде демалыс және мереке күндері де бақылауды жандандыруды тапсырды.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов күн суытқан кезде тұрғын үйлерде өрт шығу қаупі дәстүрлі түрде артатынын атап өтті. Қазақстандықтар пештер мен электр жылытқыштарын белсенді пайдалана бастайды, алайда қарапайым қауіпсіздік шараларын үнемі сақтай бермейді. Премьер-министрдің айтуынша, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан, азаматтардың өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі әлі де жеткіліксіз.
«Қазіргі уақытта тұрғын үй секторындағы өрт санының азайғаны байқалады. Алайда бұл профилактикалық шараларды бәсеңдетуге негіз болмауы керек. Жылыту маусымы енді ғана басталды. Күз әзірге жылы, ал нағыз суық әлі алда», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігіне еріктілер мен қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ал Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері ТЖМ-мен бірлесіп, оқу орындарында өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелеріне арналған интерактивті сабақтар мен әңгімелесулер ұйымдастыруы қажет.
Әкімдіктер мен Ішкі істер министрлігіне де жеке тапсырма берілді. Олардың қызметтері демалыс және мереке күндері профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, тұрғын үйлерді аралауы тиіс. Бұл ретте жылыту құрылғыларын пайдалану салдарынан болатын өрттердің алдын алуға ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар Бектенов ТЖМ жұмысы тек формалды ұсынымдар берумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деректеріне қатысты неғұрлым пәрменді шаралар қабылдау қажет.
В Атырау -2.1