
Атыраудағы ескі көпір жақында жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін де сыр бере бастады. Жол мен жаяу жүргіншілер тротуарында жарықтар пайда болып, тіпті бетон қоршау да зақымданды. Құрылыстың қашан ретке келтірілетіні және ол арқылы жүру қаншалықты қауіпсіз екені әзірге белгісіз.
Еске сала кетейік, биыл маусым айында қала әкімдігінің тапсырысы бойынша «Казсервис Групп» ЖШС қалалық орталық көпірдің жол төсемін ауыстырған болатын. Бұл ретте құрылысшылар деформациялық тіреулерді ауыстырмай, оларды асфальтпен бітеп тастады, ал олай істеуге болмайтын еді.
Көп ұзамай асфальт бетінде деформациялық тіреулер орналасқан жерлерде алғашқы ақаулар пайда болды. Алайда тамыз айының ортасына жоспарланған конструктивті элементтерді ауыстыру белгісіз мерзімге шегерілді.
Қазір жол төсемі бұзылып жатыр. Тек көлік жүретін бөлігінде ғана емес, сонымен қатар жаяу жүргіншілер тротуарында да едәуір жарықтар пайда болды. Сондай-ақ жолды жаяу жүргіншілер аймағынан бөліп тұрған бетон қоршау да зақымданған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қажетті материалдардың Ресейдің Уфа қаласынан уақтылы жеткізілмеуіне байланысты тамыз айында деформациялық жіктерді ауыстыру мүмкін болмаған.
Бүгінгі таңда сынақ жұмыстары үшін тек бір деформациялық тіреу жеткізілді. Оның сапасы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру жоспарланып отыр. Сынақ ретінде орнату нәтижелері бойынша қалған бес деформациялық тіреуді жеткізу және ауыстыру мәселесі шешілетін болады.
Осылайша, көпірдің қашан түбегейлі ретке келтірілетіні, әсіресе ауа райын ескергенде, әзірге белгісіз. Деформациялық тіреулерді ауыстыру және ақауды жою жұмыстары «Казсервис Групп» ЖШС-не өз қаражаты есебінен жүктеліп отыр.
Қыркүйек айында орталық көпірді «ҚазжолҒЗИ» АҚ мамандары тексерді. Демеушілік қаражат есебінен жүргізілген бұл тексеру нәтижесі қазірдің өзінде белгілі, алайда қала әкімдігінің жазбаша жауабында ешқандай нақты ақпарат жоқ.
Осыған байланысты «АЖ» редакциясы қайта сауал жолдады. Тексеру нәтижесін жария ету – бұл ең алдымен қоғамдық қауіпсіздік және азаматтардың өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін тәуекелдер туралы білу құқығы мәселесі.
Сонымен қатар Атыраудағы барлық алты автомобиль көпірінің техникалық жағдайын зерттеу жалғасып жатыр. Бұл жұмыстарды «Инжиниринговый центр Азия Эксперт» ЖШС жүргізіп отыр. Әзірге бұл жұмыстар аяқталған жоқ.
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау -2.1