Атырау, 8 қазан 03:26
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

«Қар адамы» Жарылғасын Байжанов:«Қыс айын асыға күтемін»

Сурет Бейнежазба
2 005 просмотра

Шыңылтыр аязы шымшыған қыстың тынық күні. Айнала аппақ ұлпа қарға көміліп жатыр. Жартылай жалаңаш ақсақал аязға қарамастан ақ ұлпаның үстіне отыра қалып, үстін қармен біраз ысқылап жіберді. Одан кейін шелек толы суға қарды салып, мұздай суды басынан төмен қарата құйып жіберді де жалаңаяқ жүгіріп кетті.

Он бес минуттай жүгіріп келгеннен кейін 65 жастағы Жарылғасын БАЙЖАНОВ бірден үйге кіріп кетпей, түрлі қимылмен гимнастикалық қимыл-қозғалысқа көшті. Жыл сайын ақ қарды асыға күтетін ақсақалмен жақынырақ танысу үшін сөзге тартқанмын.

- Кіндік кескен туған жерім Қызылқоға ауданы Сағыз ауылы. Бір жасымнан кейін Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылына көшіп келіп, сол жерде 63 жыл өмір сүрдім. Былтыр тамыз айында Ақтөбе қаласына көштім, бірақ Шоқпартоғайға жиі барып тұрамын, онда мал шаруашылығыз бар, - деп әңгімелейді Жарылғасын аға. - Негізі Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін ұзақ уақыт мал дәрігері, содан соң 20 жыл сол Шоқпартоғайдағы №3 мектепте шаруашылық ісінің меңгерушісі болып еңбек етіппін. 50 жасымда ол жұмысты қойып, «Манас» шаруа қожалығын құрдым. Түйе өсіріп, он жылдан астам Атырауға шұбат тасыдық. Бүгінде төрт түліктің бәрі бар. Балаларым Тасболат, Нұртас, Бектас, Манас ісімді жағастырғанымен, бас-көз болып отыру менің міндетім.

- Спортпен және дене шынықтырумен көптен шұғылданып келесіз бе?

- Ауылда өскендіктен білек сыбана мал қамына кіресеміз, соның өзі қимыл-қозғалыстан, қара күштен тұрады ғой. Адам егде тарта бастаған кезде денсаулығына қатты мән бере бастайды екен. Енді әр қысты асыға күтемін.

- Күнделікті күнді қалай өткізетініңіз мені қызықтырып отыр.

- Таңғы 6-да тұрамын. Үйде бір бөлмем жаттығу орнына айналған. Онда штангтен бастап, массаж жасайтын түрлі құралдар бар. Күнде таңертең 1 сағатымды сол жерде өткіземін. Содан кейін далада екі сағаттай жаяу жүремін. Кешке де сол.

- Ал қалай тамақтанасыз?

- Таңғы асқа бір жұмыртқа немесе ботқа жеймін. Шай мүлдем ішпеймін, оның орнына ысқылтым су ішуді әдетке айналдырғанмын. Күніне бір жарым литрдей су ішемін. Түскі және кешкі асқа арналған өзімнің кішігірім тарелкам бар, одан артық ішпеймін. 18.00-18.30 сағатта кешкі асты аяқтаймын, арасында алма, басқа жеміс-жидек, айран ішемін. Жалпы тоя тамақ ішу кез-келген адамға зиян, асқазанның бос орны болуы керек. Көкөніс, сүт тағамдарынан бөлек ет жеймін. Еттен бас тартқан қазақты көрген жоқпын, бірақ қамырын жемеймін. Нан, ұн өнімдерінен мүлдем бас тарттым. Кейде кешкілік қонаққа шақырады. Барамын, бірақ жеміс-жидектен басқа ештеңе жемеймін.

- Әлеуметтік желіде қар үстінде суық суға жуынған видеоңыз кеңінен тарап жатыр... 

- Мақтаныш емес, ересектерге, жастарға ой салса екен деймін. Еріншек болып кеттік, зиянды тағамдар газды сусынды, фастфуд тағамдарын, қытырлақтарды көп тұтынатын болып алдық. Осының бәрі адам денсаулығының негізгі «жауы». Бұлар күлдей зиян, балалардың өсуін де тежейді. Жаяу жүрмейміз, көлікке сеніп кеттік. Ең болмаса таза ауада күнделікті 4-5 шақырым жаяу жүрсе, соның өзі көп пайда. Бірақ мұнымен тоқтап қалмадым, көп жылдан бері денсаулығымды шыңдап келемін - қармен сүртінемін, мұздай сумен жуынамын. Мұның бәрі керемет қуаныш сезімін сыйлайды.

- Артық салмақтан арылу көп адамды алаңдатуда. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?

- Қазіргі салмағым 79 кг, бұл мен үшін қалыпты. Жалпы бәрі адамның өзіне ғана байланысты. Артық салмақтан арылудың жолдары әлеуметтік желіде толып тұр. Ал менің тәсілім қарапайым: аз тамақ ішіп, көп қимылдау керек. Айтпақшы, бір келінім жеңілденгеннен кейін 10 кг артық салмақ қосып алған еді. Менің «тәжірбиемді» қолданып, артық салмақтан құтылды.

...Жас жігіттердің іркілдеген «қарындарын», компьютер мен смартфонға тәуелді әлжуаз балаларды көріп жаным ашиды. Көбірек қозғалып, шынығып, артық тамақтанбау керек. Мықты денсаулықтың сыры осында.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

25 қаңтар 2022, 16:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.