Атырау, 26 сәуір 07:33
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Бұл Перетаскадағы алғашқы бала өлімі емес. Каналды қоршау керек»

Бейнежазба
1 329 просмотра

Перетаска жылы каналында бірнеше рет балалар қаза тапқаннан кейін құтқарушылар оның жағасын қоршау мәселесін қоймақ. Бұл туралы брифингте ТЖД басшысының міндетін уақытша атқарушы Асхат ЕРЖАНОВ мәлімдеді. Брифингте таяуда осы каналға батқан 9 жасар баланың өлімі басты тақырып болды.

– 22 қаңтарда туған-туыстары мен көршілері жоғалған баланы іздеп, нәтиже болмаған. ТЖД-не қоңырау 23 қаңтар күні таңғы сағат 6-да түсті. Бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер баланың Перетаска каналына жеткенін, әрі қарай камералардан оның көрінбей қалғанын анықтады. Сөйтіп, ол мұз астына түсіп кеткен болар деген негізгі нұсқа болды. Одан әрі сүңгуірлер іздеу жұмыстарын жалғастырды. Бұдан басқа, баланы канал жағасынан көршісінің көргені туралы ақпарат пайда болды. Балықшыдағы каналдың өзінде жол жанында су өткізгіш құбыр бар. Құбыр арқылы су ағып жатқанда, қысым күшейеді де, каналдың ортасында дөңгелек суайналымы түзіледі. Сондықтан ортасындағы су ешқашан қатпайды, жағалау ғана мұз болады. Сүңгуірлер баланы алдымен жағалау сызығынан, одан кейін каналдың ортасынан құрал-саймандар мен ілмектердің көмегімен іздеді. Канал қатты ластанған, бұл жұмысты қиындатты. Баланың денесі 23 қаңтар күні кешкі сағат жетіде су астынан табылды, - деді А.Ержанов.

Осылайша, бала каналға батып кетті деген нұсқа расталды. Мәйіт медициналық сараптамаға тапсырылды. Алғашқы тексеру кезінде зорлық-зомбылықпен өлу белгілері анықталмады.

А.Ержановтың айтуынша, Атыраудағы мұз аялдауы солтүстік облыстарға қарағанда тұрақсыз, ауа райы алдамшы. Терезеден күннің суық екенін көрген балалар мұздың мықты екеніне және салмақ көтеретініне сенімді болады. Атырауда баратын жер көп емес, сондықтан қыста балалар өзенге қарай жүгіреді. Кейде мұзда сырғанақ тебуге құмарлықтың кесірінен қайғылы жағдайға тап болып қалады. 

- 2020 жылы қаңтарда да екі бала каналға батып кетті. Енді міне, тағы да қайғылы жағдай орын алып отыр. Бұл канал АМӨЗ-ге арналған. Егер ол зауытқа қажет болса, кәсіпорын тиісті жұмыстар жүргізуі тиіс. Ақпанда ТЖ бойынша комиссия отырысы өтеді. Сол жерде каналды дуалмен қоршап, ескерту және тыйым салу белгілерін орнату туралы мәселе қоямыз, – дейді А. Ержанов.

Биылғы қаңтар айы ызғарлы болды, демалыс күндері бүкіл қала өзенге қарай ағылады, қала тұрғындары балық аулайды, кәсіпкерлер жалға беретін шана мен сырғанақтармен сырғанайды. Ал Ішкі істер министрлігінің №34 бұйрығына сәйкес, қыста су айдындарында құтқару кеудешелері болмаса, мұз үстінде жүруге болмайды екен.

Еске салсақ, Атырау облысында 2020 жылы 27 адам, оның ішінде 6 бала, 2021 жылы 28 адам, оның ішінде 10 бала суға кеткен.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

25 қаңтар 2022, 12:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.