Атырау, 29 наурыз 13:21
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Отбасылық жанжалқойды тоқтату керек

1 292 просмотра

...Серік Наргизді танысқан сәттен-ақ қызғанатын болды. Жұмысқа орналаса салысымен күйеуі тергеп-тексеріп, күдігімен титықтата бастады. Үнемі жанжал шығып, әбден торыққан әйел бірнеше рет полицияға хабарласып, күйеуіне қорғау ұйғарымы шығарылған. Кезекті жанжал пышақтаумен аяқталды.

Жеңіл жарақат болып, қызғаншақ еркек әйелін қорқытқысы ғана келгенін айтса да, әйелі келесі соққыны күтпей, ажырасуға арыз берді.

– Әйелдеріміздің жұмсақтығы жақсылыққа апармайды, олар отбасындағы зорлық-зомбылыққа жылдар бойы төзіп жүре береді. Кейде бұл қайғылы салдарға әкеледі. Біз отбасылық қарым-қатынас үшін күресеміз, мұнда басты құндылық - өзара сыйластық, – дейді Атырау облысы ПД-нің әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы Раиса АЙТЖАНОВА.

2021 жылы полицияға отбасылық-тұрмыстық жанжалға қатысты 4 мыңнан астам шағым түскен. Көбінесе сыйламаушылық, әдепсіз сөздер, агрессиялық әрекеттер орын алып, ер адамдар қолына түскеннің бәрін - есіктерді, жиһаздарды, ыдыстарды қиратады.

Полицейлерге қоңырау түскеннен кейін қызметкерлер сол жерге барады. Олар істің мән-жайын, екі жақтың бір-біріне кім болып келетінін анықтайды. Ішімдік ішкендер мас болу дәрежесін анықтау үшін наркологияға жіберіледі. Егер төбелескен адамның әрекетінде қылмыстық істің белгілері болмаса, ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер») бойынша хаттама жасалады. Сот бірінші рет жанжалқойға ескерту жасауы немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасын беруі мүмкін. Екінші рет қайталаса, 10-15 күн жаза және бір айға қорғау ұйғарымы беріледі. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, отбасының кәмелетке толмаған мүшелерін қоса алғанда, жәбірленушінің еркінен тыс іздеу, қудалау, бару, ауызша, телефон арқылы сөйлесу және онымен басқа тәсілдермен байланысуға тыйым салады. 2021 жылы 2271 қорғау ұйғарымы шығарылды. Қорғау ұйғарымын бұзу ескертуге немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға әкеп соғады. Былтыр осындай 170 заң бұзушылық тіркелген.

– Әйелдеріміз отбасындағы қиындықтарды сыртқа шығаруға ұялып, соңына дейін үндемей, кейде қайғылы жағдайға дейін апарады. Бұлай етуге болмайды, дер кезінде көмек сұраған дұрыс. 102 немесе 98 22 05, 98 23 34 телефондарына хабарлау керек. Облыстың әр ауданында  әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары бар, Атырауда екеуі бар. Кейде ер адамдар әйелдерін балаларымен бірге үйден қуып жібереді немесе әйелдің өзі онымен бір шаңырақ астында қалғысы келмейді. Бұл жағдайда полицияға хабарласқаннан кейін оларды Алмагүлде орналасқан дағдарыс орталығына жібереді, оның телефон нөмірі – 46 60 60. Орталықта өткен жылы 22 әйел мен 67 бала тұрса, қазір 4 ана мен 11 бала бар. Мұнда олар алты айға дейін бола алады, қызметкерлер балаларын жақын маңдағы балабақшалар мен мектептерге орналастыруға көмектеседі, заңгер құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Жалпы, біз отбасын сақтауға тырысамыз, бірақ тығырықтан шығудың ең жақсы жолы ажырасу болатын кездер болады. Заңгер әйелге сот-медициналық сараптамадан өтуге, ұрып-соғу фактілерін құжаттандыруға, ажырасуға қажетті құжаттарды жинауға көмектеседі», — дейді Р.Айтжанова. Оның айтуынша, әйелдер оған WhatsApp арқылы хабарласып, түрлі мәселелер бойынша кеңес сұрайды.

Отбасындағы жанжалға көбінесе жұмыссыздық, қызғаныш, зиянды әдеттер себеп болады. Әйелдердің полицияға балаларды қорғау үшін жүгінеді. Ал отағасы «балаларға тиіспеймін, тек әйеліме ғана» десе де, осы әрекетімен баланың психикасына үлкен соққы беретінін түсінбейді. Ал, көмек сұраған әйелдер ең алдымен әкесінің анасын қалай қорлап жатқанын балалар көрмеу үшін, әкесінен қорқып немесе жек көргенін қаламай, балаларды отбасылық жанжалдан қорғау үшін жүгінеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 қаңтар 2022, 11:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.