Атырау, 28 қыркүйек 06:19
 ашықВ Атырау +16
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

​Атырау облысын дамыту жоспары айтылды

1 724 просмотра

Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Атырау облысын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі жобаларын атады.

«Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн теңге болатын 185 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 535,8 млрд теңге, жергілікті бюджет – 112,6 млрд теңге, жеке инвестициялар – 8,3 трлн теңге. Жоспар аясында ауданы 400 гектар индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіру зауытын және көтерме-тарату орталығын салу көзделген», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша 6 жылыжай, 5 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, балық өсіруге арналған 7 тоған шаруашылығы, сүт өңдеу цехтары және басқалары салынады. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 10 ауылда 228,1 шақырым электр желісін салу, 640 шақырым автожолды жөндеу және қайта жаңарту, 13 елді мекенді газбен әрі сумен қамтамасыз ету, 6 ұңғыманы және «Тайсойған-Миялы» магистральдық су құбырын салу, сондай-ақ тағы басқа жобалар іске асырылатын болады.

Денсаулық сақтау саласында 2 емхана мен психикалық денсаулық орталығын, 9 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын және оңалту орталығын салу көзделген.

3 ауысымды және апатты мектептерді жою және оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 48 мектеп салынады.

«Жоспарды іске асыру қорытындысы бойынша 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 35%-ға артады, халық 100% ауыз сумен қамтамасыз етіледі, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін жетеді, 3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде», - деді министр. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарлары таныстырылды.

25 қаңтар 2022, 09:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.