Атырау, 17 мамыр 08:53
 ашықВ Атырау +20
$ 429.57
€ 447.35
₽ 6.94

«Теңіз кен орнындағы тазалыққа таңғалдым. Ал Атырауда қалай?»

Сурет
1 067 просмотра

Соңғы жылдары кейбір атыраулық жас кәсіпкерлер экология саласындағы кәсіпкерлікпен, дәлірек айтқанда қалдық жинаумен айналысып жүр. Өте табысты кәсіп деп айту қиын, бірақ бұл жерде пайда табудан гөрі өңірдің экологиялық мәселесін шешуге үлес қоссам деген ниет басым.

Мейірбек ҚУАНЫШЕВ Теңіз кенішінде вахталық ауысыммен жұмыс істейді, демалысқа келгенде Атырау мұнай өңдеу зауытының маңайында орналасқан базада халықтан қайта өңдеуге болатын шикізат қабылдайды. Ал ол вахтада болған кезде, орнына серіктесі Мұратбек ДАКЕНОВ шығады. 

- Бұл кәсіппен айналысуға қаламыздың экологиялық жағдайы себеп болды. 2017 жылы Теңіз кен орнына жұмысқа келгенімде, айналаның тазалығына таң қалдым. Неге Атырауды да ең болмағанда осындай стандартқа жақындатып, экология жағдайын жақсартуға болмайды? Вахтадан келгеннен кейін досыммен ақылдасып, Атырауан қоқыс жинау орнын ашуға ұсыныс жасадым. Сол жылы мекемені тіркеп, оқу семинарлары мен тренингтерге қатыстық, бірақ әртүрлі жағдайға байланысты жұмысқа былтыр наурыз айында кірістік, - дейді Мейірбек Қуанышев.


- Өзіңіз Теңізде жұмыс істеп, экология туралы әңгіме айтуға қысылмайсыз ба?

- Жоқ, себебі Теңіз кен орны экономикамыздың маңызды бөлшегі және ол жерде маған тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Мен жұмыстан шығып кетсем, орныма адам табылады. Бірақ өзіміз тұрып жатқан қаланың тазалығына неге үлесімізді қоспасқа? 

- Айына неше тонна қоқыс қабылдайсыздар?

- Орта есеппен айына 60 тонна макулатура мен пластик қабылдап, сұрыптаймыз. Базамыз 800 шаршы метр аумақта орналасқан және 10-ға жуық адам жұмыс істейді. Негізі 10 есе көп қоқыс қабылдай аламыз, бірақ халық белсенділік танытпай отыр. Біз үлкен сауда орындары мен компанияларға барып, макулатураны жинап алу жөнінде ұсыныс айтқанбыз. Алайда қолдау таппадық. Біз қалада бірнеше жерден қағаз бен пластик қалдықтарын қабылдайтын орын ашып, онда жұмысқа көпбалалы әйелдер, мүгедек жандар, бұрын сотталғандарды тартқымыз келген. Бірақ ол үшін жергілікті биліктің қолдауы қажет. 

- Сұрыпталған қоқысты қайда жібересіз?

- Өкінішке орай Батыс Қазақстанда қоқыс сұрыптайтын орын жоқ, сондықтан Алматыға жөнелтеміз. Біздің жоба әлі-ақ қолдау тауып, дамиды деп сенемін. Бұл біздің қаланың игілігі үшін жасалады ғой. 

Фархат АБИЛОВ

Суретті түсірген автор

24 қаңтар, 12:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.