Атырау, 20 сәуір 05:10
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

17-ші үйдің қасбетін кім жөндейді?

Сурет Бейнежазба
1 930 просмотра

Жақында болған қатты жел салдарынан Алмагүл ықшамауданындағы 16 қатарлы №17 үйдің қасбеті құлап, енді сол жердегі пәтердің тұрғындары суық қабырғада, электр пешімен отыр. Ал, кейбір тұрғын уақытша пәтер жалдап кеткен.

Қайрат МАЖИТОВ бұл жерде осы үй салынғалы бері тұрады.

- Ең алғаш өткен жазда қатты желден 6-7-қабаттың тұсында жапсырылған плиталар құлады. Содан кейін қыркүйек айында ашылып қалған жер тағы да опырылып түсе бастады. Ал кешегі желден 6-10 қабатқа кейінгі аралықтағы қасбет түгел құлап, жарымыз ашық-тесік қалды. Құтқарушылар жоғарыдан жалбырап тұрған жабындыларды жерге түсіріп, көше жаққа шығатын өткелге жүруге болмайды деп турникет қойып кетті. Қазір суықтан ылғал пайда болып, жарымыз көгеріп жатыр. Ал қала әкімдігіндегілер көршілер жиналып өз күштеріңмен жасайсыңдар деп жауап берді. Біздің дәліздегі қабырға үшін басқа көршілер қаржы жинамайды ғой, қайда жүгінерімізді білмейміз, - дейді ол.

Оның айтуынша, отбасы бұл пәтерді ипотекамен алған. Несиенің аяқталуына әлі он жыл бар:

- Үйде бала-келінмен бірге тұрамыз. 7 қаңтарда немереміз дүниеге келіп еді, оны салқын үйден ауырып қалар деп, басқа пәтерге жібердік. Өзіміз пеш қосып жылынып отырмыз. Қабырғаны өз күшімізбен жөндей алмаймыз.

Қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімі мамандарының айтуынша, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 2-бабының 14-тармағына сәйкес, үйдің қасбеті, шатыры, жертөлесі, т.б тұрғындардың ортақ мүлкі болып есептеледі. Сондықтан бұл мүліктер бүлінген жағдайда тұрғындар ортақ ақша жинап, ПИК-пен бірлесіп жөндеу жүргізуі тиіс.

- ПИК-те ағымдағы және жинақталған деп аталатын 2 есепшот болады. Қасбет құлап, төбеден су кеткен жағдайда жинақталған шоттан қаржы алып, ПИК жөндеп беруі тиіс. Алайда ешбір тұрғын қазір ол шотқа ақша жинамайды, тек ПИК-тің қызметі үшін ағымдағы шотқа ақша аударып отыр. Тұрғындар құлаған қасбетті немесе шатырды ақша жинап жөндесе, тұрғындар бірнеше уақытқа дейін ПИК ақшасын төлемеу туралы өзара келісім жасай алады, - деді тұрғын үй инспекциясы.

Біз №17 үйге қызмет көрсететін жеке кәсіпкер «НұрЭлитке» хабарластық. Жеке кәсіпкер Нұргүл ҚҰСАНОВАНЫҢ айтуынша, бұл үйдің қасбетін жөндеу үшін жалғыз шешім - тұрғындар өздері ақша жинау керек.

- Негізі осындай жағдайларды шешу үшін арнайы есепшот ашылып, оған тұрғындар ай сайын 00,12 АЕК көлемінде ақша аударып отыруы тиіс. Алайда іс жүзінде кейбірі тіпті ПИК-тің ағымдағы қызметі үшін де ақша төлемей отыр.

Айта кетейік, қалада қасбеті құлап, әлі жөнделмей жатқан тек бір үй ғана емес. Мұндай үйлер Алмагүлде де, Нұрсая ықшамауданында да бар.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

24 қаңтар 2022, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.