Атырау, 8 қазан 05:28
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Оқиғалар хроникасы

1 692 просмотра

Атыраудың 38 жастағы тұрғыны полицияға өткен жылы бір әйелдің мемлекеттік бағдарлама бойынша үш бөлмелі пәтер алып беремін деп, сол үшін 800 мың теңгесін алып, кері қайтармағанын хабарлады. Полицейлер Атырау қаласының 33 жастағы тұрғынын ұстады. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі («Алаяқтық») бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

* * * * *

Өткен жылы Атырау полициясы басқармасының «102» пультіне балалардың үйден шығып кетіп, оралмағаны туралы 46 арыз түскен. Бағына орай, барлық жасөспірімді полицейлер аман-есен тауып, ата-анасына табыстады. Әдетте бұған ата-анамен тіл табыспай қалуы себеп болады. «Ал бір жасөспірім үйінен үш рет кетіп қалып, қайта келгісі келмеген. Қаңғыбастықпен айналысқан баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ол ішкі істер органдарының есебіне алынды. Жалпы, жасөспірім үшін ата-ана жауапты деп есептеймін, – дейді ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы А.Қарамұратов. Олар балаларының қызығушылығын және бос уақытында немен шұғылданатынын білуі керек.

* * * * *

19 қаңтарда күндіз 23 жастағы Атырау тұрғыны полицияға Балықшы ықшам ауданындағы сауда орталықтарының бірінде сөмкесінен 31 мың теңге ұрланғанына шағымданды. Учаскелік инспекторлар із суытпай 25 жастағы күдіктіні ұстады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотты болған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

* * * * *

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20 қаңтарда Атырау-Индер тас жолында Volvo жүк көлігінің 31 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, салдарынан жүк көлігі аударылған. Жүк көлігі Түркіменстаннан Ресейге қызанақ алып бара жатқан.

* * * * *

19 қаңтар күні таңертең Атыраудағы Гурьевская көшесінде жеңіл көлік өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер Volkswagen Golf автокөлігінің қозғалтқыш бөлігінің жанып жатқанын анықтады. ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 10 минут ішінде сөндірілді, зардап шеккен ешкім жоқ. Оқиғаға электр сымдарындағы қысқа тұйықталу себеп болған. ТЖД өткен жылы Атырау облысында көліктерде 103 өрт оқиғасы орын алғанын хабарлап, көлік иелерінен өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауды сұрайды. Атап айтқанда, әрбір көлікте өрт сөндіргіш болуы керек.

ТЖД ұсынған сурет

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

21 қаңтар 2022, 11:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.