Атырау, 26 қаңтар 15:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 435.20
€ 491.17
₽ 5.54

«Динамо» спорт залында болған атыраулық: «Бұл нағыз тозақ еді»

Сурет Бейнежазба
1 090 просмотра

«Түнгі 12-ден кешкі 18.00-ге дейін қалалық ішкі істер басқармасының ауласында орналасқан «Динамо» спорт залында мені бірнеше рет ұрып-соқты. СОБР қызметкерлері де, өтіп бара жатқан полицейлер де - бәрі ұрды. Ал ұсталғандарды бір-бірлеп шығарған спорт залының душ бөлмесінде аяусыз соққыға жықты», - деді қаңтардағы митингке қатысушы Сергей ШУТОВ.

11 қаңтарда оны үйінен алып кетіп, тек 13 қаңтарда кешке қарай босатқан. С.Шутов «АЖ»-ға ұсталғандарға қалай қарайтынын және олардың қандай жағдайда екенін әңгімелеп берді. Оның айтуынша, ол 4 қаңтарда Исатай мен Махамбет алаңында сағат 15-тен 17-ге дейін болған. Ол жерге кездейсоқ барыпты. Жұбайы екеуі садақадан келе жатып, «Байзардан» азық-түлік алмақ болған. Сауда үйі жабық болып, ерлі-зайыптылар басқа супермаркетті бетке алған. Алаңда таныстарымен амандасып, әнұран шырқаған. Содан кейін үйлеріне кеткен. Содан соң Сергей ешқандай митингіге қатыспаған.

- Бірақ мені ерекше құлшыныспен ұрды. Өйткені 2016 жылы жер митингісі кезінде бастамашыл топты қолдағаным үшін деп ойлаймын. Бұған 2016 жылы менімен сөйлескен полиция мен ҰҚК қызметкерлерін кездестіргенде олар маған: «Тынышыңа жүр деп саған ескерттік қой», деп ашық айтқаны дәлел... Автобустың ішінде-ақ ұрып-соғуды бастады. Автобустың балшық еденіне құлатып, тебе бастады. Автобустан теріс қарап түсуді бұйырды. Екі қолымды қайырып, әлдебір жерге кіргізді. Басымды көтеріп, айналама қарауға рұқсат бермеді. Еденге қарап, спорт залы екенін түсіндім. Қорлап, секіруге, «отжимание» жасауға, отырып-тұруға мәжбүрледі. Содан соң ұрып-соқты. Мен мұның екі мақсатта жасалғанын  түсіндім: бірі - кез келген қарсылықты сындыру, рухты түсіру, қорлау болса, екіншісі – мұндай физикалық «жаттығулардан» кейін ұрып-соғу кезінде денеде із қалмайды. Барлық жерің ауырады, адам содан кейін отыра да, жүре де алмайды, бірақ көзге көрінетіндей аса бір іздер болмайды. Спортзалда полиция қызметкерлері отырған 6 үстел тұрды. Бір бұрышқа төсеніштер қат-қабат жиналған. Арғы бұрышта дәретхана мен душ бөлмесі бар. Ұсталғандарды сол жаққа апарып,  ұрып-соғып жатты, ұсталғандардың айқайлаған дауыстары мен соққы дыбыстарын естідім. Мені де душ бөлмесіне апарды, нағыз тозақ сол жер болды. "Тағы да митингке шығасың ба?" деп сұрады, мен ауру жаныма батып айқайлап, тоқтатуды өтіндім, – дейді С.Шутов.

Оның айтуынша, ол бұл спортзалда бірнеше сағат болған. Осы уақыт бойы ұсталғандар легі үзілмеген; біреулерін ұрып-соғып алып кетсе, орнына «жаңадан келгендерді» әкелген. Қасынан өтіп бара жатқан қызметкерлер Сергейді санынан тепкілеп, бауырынан соғып, тұрып-отырғызып, жасамасаң ұрып-соғу үшін қайтадан душ бөлмесіне жібереміз деп қорқытқан. Бастапқыда Ресейге қашан бардың, не үшін, митингке қатысқаның үшін кім ақша төледі, «Бәсе», «16-11» арнасын көресің бе, Әблязов пен «ҚДП» партиясын қолдайсың ба, деп қайта-қайта сұраған. Әйеліңді алып кетеміз деп қоқан-лоқы жасаған.

- Душ бөлмесіндегі екінші азаптау сеансынан кейін құладым, кері тұра алмадым. Маған еденге қарап, душ бөлмесінен спортзал арқылы ортаға, полиция қызметкерлері отырған үстелдердің арасымен төрт аяқтап жүруді бұйырды. Содан кейін қайтадан аяқты керіп тұрғызып қойды. Менің артымдағы қабырғада стробоскоптар болды. Еденге немесе қабырғаға қарағанда, тек көлеңкелерді көрдім. Олар жақындаса, мен инстинктті түрде соққы күтіп жиырыла қалатын болдым. Тұруға әл-дәрменім жетпеді, басымды көк түсті жанып тұрған жуан құбырлы радиаторға тіреуіме тура келді. Сөйтіп сәл болса да демалып алатын едім. Бір рет полиция басқармасы ғимаратының бесінші қабатына апарды. Жүру өте қиын еді, әр сатыдан бір-бірлеп әзер көтерілдім. Кабинеттердің бірінде мені ҰҚК қызметкерлерімен сөйлесуге шақырды. Олар 2016 және 2022 жылдардағы митингілерге қатысқаным үшін үстімнен қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытты. Олардың аты-жөні есімде жоқ, бірақ жүздерін танимын, - дейді Сергей Шутов.

Оның айтуынша, ол КПЗ-да түнеген. Өзінен басқа  түрлі дәрежеде аяусыз соққыға жығылған 15 адам болған. Ішінің өте тарлығы сондай, адамдар тек отыра алады - жатуға немесе аяқ созуға келмейді екен. Ұсталғандардың бірінің дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақырған, жамбас жарақаты болған екіншісіне ауыртпайтын дәрі салдырған. Дәрігерлер көрсеткен бар көмек сол ғана болыпты. Бәрінің жағдайы нашар болған, бірақ адамдар бір-біріне шыдаңдар, шыққан соң дәрігерге барыңдар деп кеңес беріпті. Бірақ бұл үмітім ақтала қоймады дейді Сергей. Қатты ауырсынып, облыстық ауруханаға барғанда, олар онша тексеріп қарамаған. Олар ішкі ағзаларының жыртылмағанын, қою шай түсті зәрінде қан ізі және басқа да өзгерістер табылмағанын айтыпты. Өздігімен қозғала алмай, арбада отырған тағы бір ұсталушыны да дәрігерлер ауруханаға жатқызбаған. Барлығына спортзалға қайта оралғысы келмесе, онлайн-сот барысында қысқаша, жылдам жауап беріп, барлығымен келісу керектігі ескертілген. Әкімшілік қамауға алу мерзімі қысқа болыпты – 2-3 тәулік, әрі кеткенде 5 күн. Сергейдің пікірінше, бұл жаңадан ұсталғандарға орын босатып, "конвейерді" кідіртпеу үшін жасалған. Тергеуші Сергейге 30 күнге қамаласың деп қорқытқан, прокурор 15 күн сұраған, ал судья 2 күнді тағайындапты. Әлі күнге дейін ешқандай құжатты, тіпті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың көшірмесін Сергейдің қолына бермеген.

– Осылай азаптау әрекеттерін олар халықты митингіге шығу, азаматтық ұстанымын білдіру ниетінен айныту мақсатында жасады. Бұл корпусы полиция, бұрандасы СОБР болған нағыз еттартқыш болды. Бірақ мен бұл мәселені жылы жауып қоюды қаламаймын. Өйткені «Динамо» спорт залындағы ұрып-соғу туралы ақпарат қауесет қана деген полиция департаментінің ресми мәлімдемесін оқығанда қатты таң қалдым. Өйткені, менің есебімше, бұл күндері «Динамода» соққыға жығылған 400-ден астам адам бұл мәлімдемені жоққа шығара алады. Сонда полицияның екі жолы ғана қалады – азаптау фактісін және полиция СОБР-дың қиянатын тоқтатпағанын мойындау немесе ұрып-соғу туралы айғақ бергендердің барлығын жалған ақпарат таратты деп айыптау. Мен үшін Беларусь «Окрестинасының» филиалы болып табылатын «Динамодағы» азаптау проблемасының бетін ашу өте маңызды. Мен өзім үшін және бәлкім, қазір айтудан қорқатындар үшін куәлік етемін. Бірақ бір аптадан кейін олар өз-өздеріне келіп, ес жинайды, комментарийлер, мүмкін шағым жазар. Міне, сол кезде «қап түбінде біз жатпас» дейді ғой. Бұл полицияның беделіне үлкен нұқсан келтірері сөзсіз. Елде қиын кезең болды, бірақ жай ғана алаңға шыққан адамдарға қатысты мұндай әдіс қолдану адамгершілікке жатпайды. Мен Бас прокуратураға, полицияға арыз жаздым. Тек көзге көрсетіп, бірер қызметкер болмаса, біреулер жазаланар деп ойламаймын. Бірақ менің ісім бойынша тергеу жұмыстары осының бәрін тоқтатуға септігін тигізер деп үміттенемін, – дейді С.Шутов.

 Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

14 қаңтар, 22:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған