Атырау, 26 сәуір 10:44
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атыраудағы бізге белгілі ұстау деректері

Сурет
2 006 просмотра

Бұл күндері жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 497 адам анықталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Полиция департаментінің Атырау облысында жүргізілген ұстау деректеріне қатысты ресми баспасөз хабарламасында осылай делінген. Қазіргі уақытта толық ақпаратты жинау мүмкін емес. Тек жекелеген белсенділердің ұсталғаны туралы шашыраңқы ақпарат бар.

Сонымен, 7 қаңтарда қоғам белсендісі Серік ӨТЕПҚАЛИЕВТЫ күндіз полицияға алып кеткен. Қазір оның телефоны өшірулі, біз онымен әйелінің телефоны арқылы сөйлестік.

– Мені 7 қаңтарда қалалық полиция бөліміне әкеліп, кешке жауап алды. Кешкі сағат 11.00-де хаттама толтырды. 8 қаңтарда түстен кейін сот отырысы өтті. Қалалық бөлімге екі судья келді. Процедура 5-10 минутқа созылды. Біз 14 адам едік, біз екінші лекпен келіппіз. Барлығы Әкімшілік кодекстің «Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу» деген 488-бабы бойынша айыпталды. Маған екі тәулік қамауға алу жазасы берілді. Келесі күні кешкі сағат 10.00-ден кейін коменданттық сағат басталмас  бұрын үйде болу үшін бізді босатып жіберді. Содан бері далаға шықпадым. Демалып, өз-өзіме келіп, күш жинағым келеді, - деді С.Өтепқалиев. Ұсталғандарға қандай да бір физикалық күш көрсетіліп жатыр ма деген сұрағыма, ол «жастарға ол жақта оңай болып жатқан жоқ» деп жалтарып жауап берді.

Ұсталған Сергей ШУТОВТЫҢ әйелі Инганың айтуынша, күйеуін біреудің жеке басын анықтаймыз, фотосурет көрсетеміз деген желеумен үйінен алып кеткен.

– Сергей «шақыртусыз ешқайда кетпеймін» дегенде, қолын қайырып, үстіндегі үйде киіп жүрген шорты, жейде мен тәпішке киген күйінде алып кетті. Біраз уақыттан кейін есік қағып, полицей аяқ киімі мен телефонын беруді бұйырды. Абыржығандықтан қолыма түскен аяқ киімді - оның жазғы кроссовкасын бере қойдым. Оның телефоны не үшін керек деп сұрадым. Маған: «Сіз не, билікке қарсылық көрсетіп тұрсыз ба?» деп, қолымнан ұстап алып, мені де алып кетеміз деді Қолымда жұмыс телефоным бар еді, соны бердім. Полицейдің аты-жөнін білгім келді, ол өзін таныстырғанын айтты. Бірақ ол куәлігін көрсеткенде, ештеңе оқып, есіме сақтап үлгермедім. Сол арада ол кроссовканы, телефонын алды да, тез кетіп қалды. Сергейді үйден қай жерде алып кеткенін білмеймін, бірақ кешкі сағат 7-де оны қалалық полиция бөлімінен таптым, - дейді Инга.

Жағдайға назар аударту үшін Инга әлеуметтік желідегі оның жазбаларының астына Сергейдің ұсталғаны туралы жаза бастаған. Адвокаттар алқасының тегін кеңес беретінін және полиция тарапынан қандай да бір өкілеттік шектен шыққан жағдайда шағым жолдауға болатын қоғамдық бірлестік туралы да сол жерден білген.

- 12 қаңтар күні таңертең Сергей басқа біреудің телефонынан қоңырау шалып, оны 11 сағат бойы ұстағанын, отыруға, жатуға рұқсат бермегенін, ұрып-соққанын, мазақ еткенін айтты. Ұсталғандардың бәрін 3-4 сағат ұстап, ал оны 11 сағат бойы осылай ұстаған. Мұны естігенде қатты шошыдым, барлық құқық қорғаушыларға хабарласып, оған адвокат жіберу үшін не істеу керектігін білуге кірістім. Бұл митингілер бойынша ұсталғандар көп, шамасы, орын жетпеген болуы керек, Сергейді Химпоселокқа жіберіпті. Ол жерде мектеп-интернат бар. Адамдардың жартысы сонда, - деп сөзін жалғастырды Инга.

«АЖ» түсініктеме алу үшін ПД-нің баспасөз қызметіне жүгініп, бүкіл ақпарат баспасөз хабарламасында бар деген жауап алды. Ал ұсталғандар туралы сұраққа қатысты ұрып-соғу фактілері болғанын растамады.

Белгілі құқық қорғаушы, сарапшы және «Қадір-қасиет» құқық қорғау қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Анар ИБРАЕВАНЫҢ айтуынша, елде ұстау деректері туралы алғашқы сигналдар қаңтардың 3-і күні түсе бастаған. Қоғамдық бірлестік ұсталғандарға құқықтық көмек көрсетеді. 12 қаңтар күні кешке Қазақстанда басқалармен қатар 3 құқық қорғаушы, 40 азаматтық белсенді, 3 кәсіподақ белсендісі, әртүрлі партиялардың 15 өкілі ұсталған. Бірақ «Қадір-қасиет» бірлестігі ұсталғандардың соңғы санаты бойынша мониторинг қана жүргізеді. Өйткені партиялардың өз заңгерлері бар. Бірлестік ұсталғандар туралы ешқандай ақпарат таратпайды, бірақ, Ибраеваның айтуынша, олардың көпшілігі ұсталу бойынша шағыммен хабарласады. Шамасы, «Қадір-қасиет» ҚБ-да қазір төтенше жағдай кезінде осындай «жабық» режимде жұмыс істейтін болса керек. Өйткені біз олардан ұсталу бойынша егжей-тегжейлі ештеңе біле алмадық. Бірақ қауымдастық адамдарға нақты көмек көрсетеді деп үміттенеміз.

«Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» Атырау филиалының директоры Дария ОЛЖАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, ұсталғандардан ресми шағым түспеген. Сергей Шутовтың әйелінен бір шағым түскен.

- 13 қаңтарда ол шығуы тиіс. Басқа белсенділердің – Балсұлу ҚҰСАЙЫНОВА, Шаттық ТАШКЕНОВА, Дианара МҰҚАТОВАНЫҢ ұсталғанын білемін.  Дианара 15 тәулікке қамауға алынды. Серік Өтепқалиев 2 тәулікке қамалды, Зинат ОРЫНБАСАРОВАҒА айыппұл салынды. Ұсталғандар көп, бірақ ресми ақпарат бермей отыр, төтенше жағдайға байланысты бізді ешқайда кіргізбейді. Қашықтан жұмыс істеп отырмыз, – дейді Д.Олжағалиева.

Макс БОҚАЕВ телефон арқылы сөйлескен кезде, Атырауда адамдарды 7 қаңтарда ұстай бастағанын айтты. Содан бері ол ұсталуға дайын болған. Ол «титушкалар» тарапынан өзіне қарсы бірнеше арандатушылықтар жасалғанын айтып, арыз жазған. 2 күн ішінде 3 рет шабуылға ұшыраған. Ол митингте болған оқиғалар үшін өзіне алған жауапкершіліктен бас тартпайды, бірақ арандатушылықты тоқтатуды талап етеді. Макс бұл шағымын прокуратура мен ҰҚК-ге апарған, тіпті шағымының қабылданғаны туралы қолхат алған.

- 7 қаңтарда адамдарды ұстауға кірісті, қоғамдық белсенділерге қысым басталды. Асхаттың ұсталғанын білемін, фамилиясы есімде жоқ, балаларға екпе салуға қарсылық білдіріп жүреді. Шаттық Ташкенова, Дианара Мұқатова, Зинат Орынбасарова, Балсұлу Құсайынованы ұстады, оны ескертуден кейін босатқан сияқты. Сергей Шутовтың ұсталғанын, оны азаптап жатқанын білгенде,  Евгений ЖОВТИСКЕ (Адам құқықтары және заңдылықтарды сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директоры), Анар Ибраевамен хабарластым. Олар ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира АЗИМОВАНЫҢ атына арызбен жүгінуге кеңес берді. Мен шу шығарған соң, Сергей әйеліне қоңырау шалуға мүмкіндік алды. Адам құқықтары жөніндегі бюро өкілін біздің елде еш жерге кіргізбейтінін білемін, бірақ бұл түбегейлі дұрыс емес. Дәл осындай кездері, төтенше жағдай кезінде шектен шығу қаупі артады. Ал адамдар екі есе және үш есе қорғалуға мұқтаж. Барлығын ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша ұстап отыр, бірақ қылмыстық іс қозғалды ма, жоқ па, білмеймін, - деді Макс Боқаев. Оның айтуынша, 6 қаңтардан бері Әлібек МҰСАҰЛЫ мен Әнуар ТӨЛЕГЕНОВТЕН хабар ала алмай отыр. Жолдастары олар үшін алаңдап, хабар беруін сұрайды.

Біздің білуімізше, ұсталғандар арасында Атыраудағы қаңтар оқиғасын жазған журналистер жоқ. «Ақ Жайық» газетінің журналистері Айнұр Сапарова мен Фархат Әбілов полицияға куәгер ретінде шақырылды, олардан жауап алу дұрыс жүргізілген.

Ал, ресми ақпаратқа сәйкес, аймақта лаңкестікке қарсы операция жалғасуда (ол бүгін, 13 қаңтарда аяқталды). Атырау облысындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бандиттік топтардың полиция қызметкерлері мен әскери қызметкерлерге күш қолданып, қорғаныс құралдарын тартып алу фактілері тіркелген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Сурет 2022 ж. 4 қаңтардағы «АЖ» мұрағатынан алынды

13 қаңтар 2022, 12:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған