Атырау, 8 қазан 10:32
 ашықВ Атырау +24
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Атырау облысының «қызыл» аймаққа оралуы туралы - брифинг

1 341 просмотра

Өңірімізде «Омикрон» штаммы әлі табылған жоқ. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар ӘБДАЛИЕВ хабарлады. «Кәдімгі» коронавирусқа келетін болсақ, оның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы түрлі стационарда 580 инфекциялық төсек бар, оның 285-і бос емес, бұл 49 пайызды құрайды. Ал өткен аптада ол небәрі 17 пайызды құраған.

– Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты біз Атырауда ғана емес, Теңізде, сондай-ақ облыстың 7 ауданында инфекциялық кереуеттерді көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бізде 858 реанимациялық кереует бар, оның 8-інде науқас емделіп жатыр. 190 науқас амбулаторлық ем алуда. 29 мобильді топ жұмыс істейді. Дәрі-дәрмек жеткілікті, — деді Қ.Әбдалиев.

Облыста екпе жұмыстары жалғасуда. Биыл облысқа Pfizer вакцинасының 1-ші және 2-ші компонентінің 126 мың 520 дозасы әкелінді. 12 қаңтар күні таңертең 3120 адам осы вакцинаны ектірді. Оның 164-і - жүкті әйел, 1558-і - бала емізетін аналар, 1398-і - 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірім.

2020 жылдың 28 наурызынан бүгінгі күнге дейін Атырау облысында ресми түрде COVID-19 инфекциясын жұқтырған 52 653 адам тіркелді. Олардың ішінде 25 454 жағдай клиникалық белгілерімен, қалғандарында аурудың белгілері болмаған. Жыл басынан бері бұл аурудың 453 жаңа жағдайы анықталды. Қазіргі кезде облысымыз «қызыл» аймаққа көшті. Соңғы тәулікте 139 жаңа жағдай тіркелді: 77 адам әртүрлі белгілермен емдеу мекемелеріне жүгінді, 4 адам науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған, қалғандары профилактикалық тексеру кезінде анықталды. 139 жағдайдың 110-ы - Атырауда, 29-ы - Теңізде.

– Соңғы аптада облысымызда коронавирус жұқтырғандар саны 4 есеге өсті. Таралу жолдарына тоқталатын болсақ, 64,4 пайызы адам көп жиналатын жерде, 2,5 пайызы қоғамдық көлікте, қалғандары ауру жұқтырғандармен тікелей қарым-қатынаста болған, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлдана БИСЕМБАЙ. Журналистердің сұрақтарына жауап берген ол пандемия басталғалы бері облысымызда коронавирустан ресми түрде 128 адам қайтыс болғанын айтты. Осы жыл басталғалы өлім-жітім тіркелмеген.

– Атырау облысында «қызыл аймаққа» байланысты карантин күшейтіліп, емханалар былтырғыдай онлайнға көшсе, ревакцинация процесі қалай ұйымдастырылады? — деп сұрады әріптестерім.

– Вакцинация – вирустан қорғаудың ең тиімді және сенімді әдісі. Сондықтан барлық егу пункттері әдеттегідей жұмыс істейді, - деп сендірді облыстың штаттан тыс эпидемиологы Гүлжамал ТАУБАЕВА.

Қазір басқа қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері үйлерінде, Атырауда каникулда жүр. Олардың кейбіреулері екпенің бірінші компонентін басқа қаладағы оқу орнынан алып үлгерсе, енді екінші компоненттің уақыты келді. Оны тұрғылықты жері бойынша алуға болады ма? - дейді алаңдаған студенттер мен олардың ата-анасы.

– Екі компонент арасында сақталу керек уақыт аралығы бар. Ал студенттер қазір өз қалаларына кеткенін ескерсек, басқа облыстардағы әріптестерімізбен бірге екпенің екі компонентін әр өңірде алуға болады деген шешімге келдік, - деп жауап берді Қ.Әбдалиев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

12 қаңтар 2022, 23:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған