Атырау, 8 қазан 15:33
 ашықВ Атырау +15
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Атырау облысы біртіндеп қалыпты өмірге оралып келеді

912 просмотра

Өңірдегі ахуал толықтай жергілікті биліктің, құзырлы органдардың бақылауына алынды. Қазіргі уақытта Атырауда денсаулық сақтау нысандары, балабақша, азық-түлік сауда орындары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұған дейін ереуілшілер жиналған Атырау қаласындағы орталық алаң басы тынышталды. Қазіргі уақытта «Исатай – Махамбет» алаңы босап қалған. Бұзақылардың шабуылына тап болған облыстық әкімдік ғимараты да қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда.

Ел бойынша орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде қозғалысы кедергіге тап болған сала - темір жол қатынасы болатын. Қазіргі уақытта Атырауда жолаушылар пойызы қозғалысы қалпына келтірілді.

Штаттық режимде жұмыс істеп тұрған стратегиялық нысанда күзет күшейтілген. Темір жол вокзалына кіруші, шығып жатқан барлық жолаушылар, жол жүктері арнайы тексерістен өткізіліп жатыр.

Күшейтілген қауіпсіздік режимінде жұмыс істеп жатқан нысанның бірі – Атырау халықаралық әуежайы. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мұнда режимдік нысанға кіріп, шығып жатқан барлық азаматтар тыңғылықты тексерістен өткізілуде.

Атырау облысы аумағында жүргізіліп жатқан антитеррорлық операцияға байланысты, облыс территориясында транспорттық қозғалысқа шектеу енгізіліп отыр.

Қазіргі уақытта облыс орталығына кіретін-шығатын жолдарда 4 блок бекет және 9 мобильдік пост жұмыс істеп тұр.

Блок бекеттерде азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарымен бірге, жеке заттары, транспорттық көліктері тексерілуде.

Еске сала кетелік, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 5 қаңтардан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды. Осыған сәйкес, Атырау облысы территориясында бірқатар шектеулер жарияланып, түнгі 23 сағаттан таңғы 7.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді.

10 қаңтар 2022, 12:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған