Атырау, 23 сәуір 23:07
 ашықВ Атырау +22
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Жаңа 2022 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр

2 096 просмотра

Соңғы екі жылда жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы адамзатты шұғыл шешім қабылдауға, ресурстарды тиімді пайдаланып, өмір үшін күресуге үйретті. Жалпы, тек Қазақстан үшін ғана емес, барлық мемлекет үшін оңай жыл болған жоқ. Бүгінде әлем халқы жаңа жағдайда өмір сүруге бейлімделіп, пандемия салдарымен күресіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайды қалпына келтіруге күш салуда. Осы орайда, биыл Қазақстанда да ел тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынбақ. Барыс жылы елімізде болатын өзгерістер мен жаңалықтардың бірқатарын тізімдедік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында. 

Ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері артады 

2021 жылғы 2 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» құжатқа қол қойды. Аталған құжат бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткішті арттыруды көздейді. Осыған сәйкес, биылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері қазіргі 42 500 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 46 302 теңгеге дейін, ең төменгі базалық зейнетақы төлемі - 19 450 теңгеге дейін өседі. Сонымен бірге, жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ ҚР заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 3 063 теңгеге дейін, базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 36 018 теңгеге дейін артпақ. 

МӘМС үшін аударылатын төлемдер өзгереді

Биыл 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері де өзгереді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) артуымен байланысты. Бұдан былай: - жұмыс беруші қызметкер үшін оның жалақы деңгейінің 3%-ын төлейді, бірақ 18 000 теңгеден аспайды - қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының 2%-ын, бірақ 12 000 теңгеден аспайтын мөлшерде төлейді - жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар - ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе 4 200 теңге төлейді Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ): - қала тұрғындары үшін - 1 АЕК немесе 3 063 теңге - ауыл тұрғындары үшін - 0,5 АЕК немесе 1 531,5 теңге. «Дербес төлеушілер ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 3 000 теңге төлейтін болады. Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдігі бар санаты үшін төлем жасайтын болады, бүгінде бұл санаттағылар 11 млн-нан асады. Бір адам үшін жарна мөлшері 3 614,2 теңгені құрайды», - деп хабарлады елордалық ӘМСҚ баспасөз қызметі. 

МӘМС үшін төлемді қайдан жасауға болады

Жарнаны: - екінші деңгейлі банктер және олардың интернет-сервистері арқылы; - Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы; - «Казпочта» АҚ бөлімшелері арқылы; - төлем қабылдау терминалдары (Qiwi, Kassa24 және т.б.) арқылы; - медицина ұйымдарындағы төлем қабылдау терминалдары арқылы төлеуге болады.

БЖЗҚ: жеткілікті шектің мөлшері өзгерді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) биыл, яғни 2022 жылы зейнетақы қаражатын алу үшін жеткілікті шектің мөлшерін өзгертті. «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов бекітілген әдістеме бойынша, төмен жинақтық шек мөлшері жинақ иесінің жасына қарай есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсімі (индекстелуі) ескерілетінін атап өтті. Оның айтуынша, жинақтық шек мөлшерінің өсімі ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі секілді көрсеткіштердің артуына байланысты болып отыр. «Республикалық бюджет туралы» ҚР заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы (ЕТЖ), ең төменгі зейнетақы (ЕТЗ), ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты, төмен жинақтық шек мөлшерін есептеу жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі», - деп атап өтті басқарма төрағасы. Осылайша, осы көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты үкіметтің қолданыстағы қаулысына сәйкес, төменгі жеткілікті шектің мөлшері қайта есептелетін болды. Бұдан былай осы мөлшерден асса ғана, азаматтар өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделуге ақы төлеу, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалана алады. Дегенмен 2021 және 2022 жылдарға арналған сомалар арасында айтарлықтай ерекшелік бар. Мәселен, биыл 20 жастағылар үшін зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдаланудың жеткілікті шегінің мөлшері 2021 жылы 1,7 миллион теңге болса, 2022 жылы ол 3,1 миллион теңгені құрайды, яғни екі есеге жуық сомаға өскелі отыр. Бұл жайт қоғамның наразылығын туғызып, белсенділер мен ел азаматтары әлеуметтік желілерде көңілі толмайтынын жаза бастады. Сөйтіп, халықтың тарапынан туған наразылықты ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеткілікті шектің мөлшерін өсіруді 1 сәуірге қалдырды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты. мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды», деп жазды әлеуметтік желідегі Facebook парақшасына. Осылайша, қазақстандықтар биыл, яғни 2022 жылы 1 сәуірге дейін бұрынғы есеппен шекті межеден асқан қаржысын алуға мүмкіндік алды. 

Мобильді аударымдар үшін салық төлеу қажет

2021 жылы 25 қарашада ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «мобильді төлемдер» түсінігін енгізетін құжатты қабылдап, мемлекет басшысының қарауына жіберген болатын. Арада бір апта өткен соң, яғни 20 желтоқсан күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш заңға қол қойды. Құжатта «мобильді аударымдар» және «ұялы төлемдер» ұғымдары ажыратылып көрсетілген. Мәселен, соңғысы тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлеуге пайдаланылады. Бұл кәсіпкерлер табысының салық декларациясында дұрыс көрсетілуіне мүмкіндік береді. Мобильді төлемдерге қатысты нормалар биылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді. Осылайша, заңға сәйкес, кәсіпкерлер мобильді аударымдар үшін салық төлейді. Ол үшін кәсіпкерлер жеке шот ашуы тиіс. Енді клиенттер алған тауарларының ақысын кәсіпкерлер ашқан шотттарға жібереді. Банктер де салық органдарына қажет ақпарат беруге міндетті болады. Атап айту керек, бұл салық түрінің жеке тұлғаларға ешқандай қатысы жоқ. Сонымен қоса, бұған дейін заңды дайындауға қатысқан депутаттар салық мөлшерінің өспейтінін айтқан. Мәжілісте өткен жиында ҚР Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев те салық мөлшерінің артпайтынын тілге тиек етті. «Мобильді аударымдарға қатысты салық мөлшері өзгермейді, яғни өспейді. Бірақ кәсіпкерлер өз табысын ашық көрсетуі тиіс. Сонымен қоса, клиенттерге чек беруге міндетті. Сауда заң аясында іске асырылуы керек», - деді вице-министр. Жеке кәсiпкер ретiнде тiркелмеген, бірақ кәсiпкерлiк қызмет белгiлерi бар тұлғалардың мобильдi төлемдерi туралы деректер тек 2025 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Қаржы министрлігі бұған дейін Мемлекет басшысының өкімімен 3 жылға енгізілген қолданыстағы мораторий аясында жеке кәсіпкерлер 2022 жылдың соңына дейін табыс салығын төлеуден босатылғанын еске салды. 

Әйел азаматтардың зейнетке шығу жасы ұлғаяды

Әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен ұлғайту қолға алын ып жатқаны белгілі . Осыған байланысты биылғы қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 60 жас 6 ай болып белгіленді. «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 11-бабына сәйкес, әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айға ұлғайтылып отырады. Бұл өзгерісті жүзеге асыру үшін 2018-2027 жылдар аралығындағы 10 жыл ішінде әйелдердің зейнеткерлік жасын 63 жасқа дейін жеткізу жоспарланған. Яғни, 2021 жылы әйелдер 60 жаста зейнетке шыққан болса, биыл 1 қаңтардан бастап 60 жас 6 ай болған кезде ғана зейнетке шыға алады. ҚР Еңбек министрлігінің мәліметінше, әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең кезеңмен ұлғайту көзделген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, осыған байланысты 1961 жылдың екінші жартысында дүниеге келген әйел азаматтар 2021 жылдың соңына дейін зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш берулері қажет болған. Өтініш беріп үлгермеген жағдайда тек жарты жылдан кейін, яғни биылғы шілде айынан кейін ғана зейнеттік демалысқа шыға алады. Аталған ведомствоның айтуынша, өтініш берілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралады.

1 қаңтардан бастап 1,6 млн адамның жалақысы артады

Биыл 1 қаңтардан бастап ЕТК мен АЕК мөлшерінің артуына байланысты мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 млн адамның және ең төменгі жалақының ұлғаюына қатысты экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,6 млн адамның жалақысы өседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индексациялау жоспарланған. Нәтижесінде, ЕТК мөлшері 36 018 теңгені, ал АЕК – 3 063 теңгені құрайды. 2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 трлн теңге, оның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін индексациялауға 190,4 млрд теңге көзделуде. Бұл 4,2 млн адамның табысын арттырмақ. Атап айтсақ: - 2,3 млн-ға жуық зейнеткерге ынтымақты зейнетақы мөлшерін 7%-ға және базалық зейнетақы төлемін 5%-ға, жалпы сомасы 138,3 млрд теңгеге арттыру көзделген; - 1,9 млн алушыға әлеуметтік жәрдемақы жалпы сомасы 52,1 млрд теңгеге, 5%-ға арттырылады; Биылғы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ мөлшері ағымдағы 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге өсуіне байланысты ЕТЖ мөлшерінің өсуі 41%-ды құрайды. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті болады. Бұл шара барлық саладағы әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорында жұмыс істейтін 1,6 млн адам табысының өсуіне мүмкіндік бермек. 

Педагогтардың жалақысы 25%-ға өседі 

Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру бағытында бірқатар шара қабылдап жатыр. Мәселен, 2020 жылдан бастап педагогтардың жалақысы кезең-кезеңімен артып, 2023 жылға қарай ол 2 есеге өседі. Сондай-ақ, биыл медицина және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды, нәтижесінде алдағы 4 жыл ішінде олардың жалақысы да 2 есеге артпақ. Биылдан бастап жоғарыда аталғандардан басқа санаттардың жалақысы да өседі. Олар - мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық қызметкерлер және тағы басқалары, олар шамамен 588 мың адам. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы үшінші тоқсанның қорытындысында халықтың атаулы табысы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,4%-ға, инфляцияны ескергенде 6%-ға өскен. Ал, осы кезеңдегі орташа жалақы 243,7 теңгеге жетіп, 2020 жылдың үшінші тоқсанынан 19%-ға артық. Жалпы, мақаламызда биыл елімізде орын алатын ең маңызды деген өзгерістерді тізімдедік. Мұның барлығы ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, Қазақстанның дамуына үлес қосады деп сенеміз. 2022 жыл қазақ үшін, жалпы әлем халқы үшін жақсы жаңалықтарға толы боларына сенім мол.

1 қаңтар 2022, 15:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.