Атырау, 5 қазан 11:26
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Полипропилен туралы сұрақтар мен жауаптар

1 898 просмотра

Атырауда «KPI Inc.» ЖШС жүзеге асыратын «Атырау облысындағы біріктірілген газ-химиялық кешеннің құрылысы. Түзету 2» жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалау» тақырыбы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Қатысушыларды негізінен өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен өндірістегі жұмыспен қамту мәселелері қызықтырды.

Біріккен газ-химия кешенінің құрылысы аяқталып келеді. Құрылыс-монтаж жұмыстары бітіп, іске қосу-реттеу жұмыстары басталып жатыр. Еске салайық, KPI ЖШС полипропилен өндіретін зауыт жобасының операторы болып табылады. Жылына 500 мың тонна өндіру жоспарланған. Жоба құны – 1 млрд 865 млн доллар көлемінде. Зауытта Теңіз кенішінен тасымалданатын пропан өңделеді.

KPI ЖШС басқарма басшысының бірінші орынбасары Дамир Әшімовтың айтуынша, зауытта америкалық «Lummus Technology» компаниясының технологиясы бойынша қондырғылар мен жалпы зауыттық 32 шаруашылық нысан бар.

Мұндай кәсіпорындар әлемнің 5 мемлекеті: АҚШ, Бельгия, Корея, Сауд Арабиясы, Қытайда бар. Бас мердігер – осы тектес зауыттардың құрылысында мол тәжірибесі бар Қытай ұлттық химия компаниясы. Қаржыландыру да Қытайдың мемлекеттік даму банкінен жүзеге асады, - деді Д.Әшімов. Жалпы алғанда кәсіпорын толықтай «Самұрық Қазынаға» тиесілі, 2018 жылы «ҚазМұнайГазға» сенімгерлік басқаруға берілген.

Компания өкілдері мен жоба әзірлеушілері эко-белсенділердің, жергілікті депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

«Атамекен» ҚҚ директоры Арман Хайруллин:

- «Қазгидромет» РММ мәліметі бойынша, жаз айларында, қыркүйекте өңірімізде жел солтүстік-батыс бағытынан жиі соғады. Бұл зауыттан Атырауға экологиялық залал келеді дегенді білдіреді.

- Шығарындылардың шашырауы орташа жылдық жел бағыттарын есепке ала отырып шығарылды. Кей жағдайларда метеорологиялық жағдайлар нысан орналасқан аумақта зиянды заттардың шоғырлануына ықпал етеді, бірақ есептеулер мен модельдеуге сәйкес шығарындылардың нормадан асуы санитарлық қорғау аймағы шекарасынан шықпайды.

- Санитарлық қорғау аймақтарында автоматтандырылған мониторинг стансалары орнатыла ма?

- 2022 жылға 4 мониторинг стансасын сатып алу көзделген. Олар арнайы экономикалық аумақ периметрі бойынша орнатылады. Қажет болған жағдайда олардың санын арттырамыз.

- Жылына факелде жағылатын оттегінің есебі керек. Кәсіпорын пайдаланылған оттегінің орнын қалай толтырады?

- Газ шығарындысы болуы мүмкін өнеркәсіптік нысандарда факел болуы керек. Факел атмосфераға жанатын/зиянды заттардың шығарындыларын болдырмау үшін керек.

Атмосфералық ауадағы оттегіні қалыпқа келтіру бойынша жүргізілетін іс-шаралардың бірі нысан аумағын көгалдандыру. Құрылыс аумағының 40% жасыл желекке көмкеріледі.

- Кешен маңында құрылыс барысында пайда болған техногенді көл бар. Ол қалай пайда болды?

- Ол құрылыс кезінде пайда болған жоқ. Бұл табиғи құбылыс. Ол жерде жаға бекіту жұмыстарын жүргізіп, болашақта көгалдандыру жоспарланған.

- Құрылыс кезінде және зауыт жұмыс жасаған уақытта су пайдаланудың екі түрі болады: шаруашылық-ауыз су және өндірістік. Мен құжаттан суды қайдан алатындарыңыз туралы ақпарат таба алмадым.

- Зауыт іске қосылған соң шаруашылық-ауыз сумен №03/4406 техникалық шарттарға сай «Атырау облыстық Су Арнасы» мекемесі қамтамасыз етеді. Өндірістік (техникалық) суды «KarabatanUtilitySolutions» ЖШС жеткізеді. Ғимараттар мен нысандардан шығатын шаруашылық-тұрмыстық және өндірістік ағынды сулар тұрба арқылы жақын маңдағы кәріздік сорғы стансасына құйылады. Коллектор арқылы ағынды сулар «KarabatanUtilitySolutions» ЖШС-не барады. Жалпы алғанда құрылыс пен пайдалану кезінде су «Астрахан-Маңғышлақ» су жүйесінен алынады.

Атырау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Мақсым Ізбасов:

- Зауыт жұмыс жасаған кезде қоршаған ортаға шығатын ластаушы заттардың рұқсат етілген шектен шықпауын қадағалайтын нормативтер жобасы жасақтала ма?

- Бұл жобалар ҚР Экологиялық кодексіне сай жасақталып, келісіледі.

АМУ ректоры, облыстық мәслихат депутаты Саламат Идрисов:

- Зауыт іске қосылғанда қанша адам жұмыс жасайды? Жергілікті кадрлар қаншалықты жұмыспен қамтылмақ? Жоғары оқу орындарымен, колледждермен серіктестік орнаттыңыздар ма?

- Пайдалануға берілген соң KPI-да 506 адам жұмыс жасайды, оның 351 – өндіріс мамандары. Сонымен қатар аутсорсинг қызметін көрсететін компаниялар да бар: жөндеу цехында 232, зертханада 78, темір жол инфрақұрылымына қызмет көрсетуде 100, тазалау жұмыстарында 30 адам қызмет ететін болады. Олардың барлығы Қазақстан азаматы, соның ішінде 78 пайызы – жергілікті тұрғындар.

Өндіріс мамандарын жұмысқа қабылдау кезінде жергілікті оқу орындарының: мұнай және газ университеті, АРЕС Петротекникс, С.Мұқашев атындағы политехникалық колледж түлектеріне басымдық берілді. АМӨЗ-де еңбек еткен тәжірибелі ардагерлерімізді де жұмысқа тартып, жас операторларға қолдау көрсетіп келеміз. Барлық қызметкерлер мамандандырылған оқу орындарында, өндіріс алаңдарында теориялық және тәжірибелік тағылымдамалардан өтті. Ресейдің Тобольск қаласындағы СИБУР-дың заманауи зауытында оқып келді. Тағы бір топ қызметкерімізді Лицензиар оқуы бойынша Колумбиядағы полимерация зауытына жібереміз. Лицензиармен (LUMMUS) бірге технологиялық процестерге арналған компьютерлік тренажерлар орнаттық, оны шынайы өндірістік процестерді толықтай қайталайтын виртуалды зауыт деуге болады. Қызметкерлер процестерді басқару машықтарын жетілдіреді.

NCOC компаниясының өкілі Айдын ТҰРСЫНБАЙ:

- Апаттық жағдайлар ықтималдығына байланысты қандай шаралар қарастырылған? Іске қосылған соң операторлардың қауіпсіздігі қалай сақталады?

- Орталық оператор ғимараты заманауи талаптарға сай жарылыстан қорғайтын материалдардан салынған және толықтай оқшауланған. Сонымен қатар «Ақ Берен» ЖШС арнайы экономикалық аймақта 6 өрт сөндіру көлігіне арналған өрт сөндіру депосының құрылысын жүргізуде. Технологияға сәйкес катализаторларда сумен сөндірілмейтін реагенттер қолданылады, ондай реагенттерді арнайы өшіру жүйесі қарастырылған. 10 мың текше метр су резервуары бар, ол жерде өрт сөндіруге арналған су қоры сақталады және 8 мың текше метр су резервуары да салынған. Технологиялық жабдықтардың әрқайсысында бұғаттау жүйесі орнатылған.

Айнұр САПАРОВА

Фотоны «KPI Inc.» баспасөз қызметі ұсынды

25 желтоқсан 2021, 16:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.