Атырау, 5 қазан 11:15
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың субсидиясын үнемдегісі келеді, бірақ шаруалар келіспейді

1 592 просмотра

Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияларды қысқартқысы келеді, бірақ атыраулық шаруалар оған қарсы.

Жергілікті кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидиялау ережелеріндегі өзгерістер талқыға түсті. Палата директоры Нұрлан Сүйінбаевтың айтуынша, АШМ субсидиялаудағы жаңа бағыттарына сәйкес кейбір процедуралар жеңілдегенмен, қысқы маусымға жем-шөп дайындау, селекциялық-тұқымдық жұмыстар үшін берілетін субсидияларды қысқарту көзделген. Министрлік соңғы өнім – бордақылау алаңдарындағы тірі малды сатуға басымдық береді.

- Ал егер шаруалар малын бордақылау алаңдарына емес, базарлар мен дүкендерге бергісі келсе қалай болады? – деп сұрақ қойды Кәсіпкерлер палатасының ауыл шаруашылығы бойынша сарапшысы Ғалидулла Тұрағалиев. Ол селекциялық-тұқымдық жұмыстар мен жем-шөп бағасын арзандату бағытындағы субсидияларды қалдырудың, сонымен қатар малды сату тармағына сауда-саттық және қоғамдық тамақтану орындарын қосудың қажеттілігін атап өтті. Оны «Құбашев Е» ШҚ басшысы Есболат Құбашев та қолдады. Оның пікірінше, міндетті түрде селекциялық-тұқымдық жұмыстарға, жасанды тұқымдандыру және жем-шөпке арналған субсидияларды қалдыру керек.

Ғ.Тұрағалиев мал суару мәселесін де қозғады. Қазір мемлекет шаруаларға жерасты суларын пайдалануға кететін шығындардың 80 пайызын өндіріп отыр (құдық қазу, желі жүргізу). Алайда бұл жерде құжат рәсімдеу талаптары қатаң; тексеруге келгендер сәйкессіздіктерді анықтап, субсидияларды қайтаруды талап етеді, тіпті жауапкершілікке тартулары да әбден мүмкін.

Тұрағалиев субсидияны шаруаларға тікелей бермей, жергілікті әкімдіктер арқылы қаржыны қолдануға берілген нысандарды қабылдау-тапсыру актілері негізінде мердігер ретіндегі мамандандырылған мекемелерге жіберу туралы ұсыныс білдірді. Бұл жерде шаруаларға жеңіл болар еді.

«Қазақстанның шаруалар одағы» РҚҰ облыстық филиалының төрағасы, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Мұрат Сармановтың пікірінше, қысқы маусымға жем-шөп дайындау шығынының жартысын жергілікті әкімдіктер арқылы субсидиялап, қаражат бөлудің ережесі мен нормативтерін қалыптастыру керек.

«Бақай-құс» ЖШС директоры Әлімжан Балжігітов міндетті ережелердің тізімінен жұмыртқаларды іріктеуге арналған автоматтандырылған машинаны алып тастауды сұрады, себебі, ол өте қымбат тұрады екен әрі оны екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал бұл жабдықтың жоқтығынан біздің құс өсіретін шаруалар қолдау ретінде берілетін ақшадан қағылып отыр.

Қорыта келе біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің барлық ескертулері мен ұсыныстары жинақталып, агроөнеркәсіп кешені саласын субсидиялау ережесін жасақтаушыларға жолданатын болды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 желтоқсан 2021, 16:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.