Бангкок қаласында тай боксынан өткен әлем чемпионатында атыраулық спортшылар алтын және қола медаль жеңіп алды. Турнирге 95 елден 926 спортшы қатысты.
Жастар арасында атыраулық Арсен Бисембай Беларусь және Тайланд спортшыларын жеңіп, алтыннан алқаға ие болды. Ересектер арасында Әбіл Ғалиев Өзбекстан, Үндістан және Ауғанстаннан келген қарсыластарын ұтқанымен, жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы украиналық Игорь Любченкодан ұтылып, нәтижесінде «қола» алды.
* * * * *
Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры Н.Әбдіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир өтті. Атырау олимпиадалық резервті даярлау орталығының тәрбиеленушілері Дүйсенбай Қайырбек пен Жұбан Азамат «алтын» алып, ҚР спорт шебері нормативін орындады. «Қола» Бекхан Алдановқа бұйырды. Жігіттерді жаттықтырған Д.Жылқышиев пен Н.Боранбаев.
* * * * *
«Атырау» ДСК-да БЖСМ арасындағы өте маңызды облыстық командалық жарыс - облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының кубогы өтті.
- Дәстүр бойынша біз бұл турнирді жыл соңында және тек олимпиадалық ойын түрлерінен өткіземіз. Жеңімпаз ұпайлар арқылы анықталады. Соның нәтижесінде қай спорт мектебі жүйелі түрде даму жұмыстарын жүргізіліп жатқаны, кім аз-мұз жетістікті қанағат тұтып жүргені белгілі болады, – деді ашылу салтанатында облыстық спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов.
Дзюдодан жарыста бірінші орынды БЖСМ-4, таэквондодан мамандандырылған олимпиада резервін дайындайтын БЖСМ-1, еркін күрестен Жылыой ауданының БЖСМ, грек-рим күресінен БЖСМ-2, бокстан БЖСМ-4 командасы иеленді. Командалық есепте жеңіске жеткен БЖСМ-4 кубокқа ие болды.
* * * * *
Оралда бокстан өткен Қазақстан чемпионатында Атырау құрамасы 1 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды.
Финалда Павлодардан келген Аятолла Тәжіқановты жеңіп, 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрқанат Раис ел чемпионы атанды. Ал Олжас Байниязов (54 келіге дейін) пен Аманат Сабырғали (92 келіден астам) финалда қарсыластарына есе жіберіп, нәтижесінде "күміс" иеленді.
Жеңіп алған медальдар саны бойынша Нұр-Сұлтан, Түркістан және Қарағанды облыстарының командаларынан кейін Атырау төртінші орынға ие болды.
* * * * *
Алматыда WKF-каратеден Азия чемпионаты өтті. Турнирге Атыраудан үш спортшы қатысып, барлығы медаль алып келді.
67 келіге дейінгі салмақта атыраулық "Жоғары спорт шеберлігі мектебінен" Батырғали Әбілмансұр чемпион атанды, тағы бір алтын медальді ЖСШМ тәрбиеленушісі, командалық кумитеде Жаңбыр Бейбарыс жеңіп алды. Ал БЖСМ-2 тәрбиеленушісі Нұрсұлтан Қалиев жастар арасында 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ