Атырау, 5 қазан 11:18
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Тұрғындар салқын десе, әкімдік – бәрі дұрыс дейді

Сурет Бейнежазба
2 108 просмотра

Аудан орталығы Индербор кентінің «Көктем» мөлтек ауданындағы 80 пәтерлік үйдің тұрғындары қыс түскенде жылу мардымсыз деп наразылық танытты. 2 жыл кепілдік мерзімі бар бұл жалдамалы үйді «СМК-4» ЖШС-і 1 млрд 189 млн теңгеге салып, биыл тамызда пайдалануға берген болатын. Жаңа баспанаға қолдары жетіп қоныстанғандардың қуанышында шек болмады. Алайда күн суыта бастағаннан салқын үйде дірдектегендер жылу бар, бірақ мардымсыз деп шағымданды.

- Қазан айында жылу беру маусымы басталғанда бастапқыда жаман болмады, күн де жылы болған еді. Ал қарашада күн қатты суық болғанда үйіміз салқындап, балаларымыз ауырып қалды, өзіміз де сырқаттана бастадық. Амал жоқ кейбір адамдар пәтерін уақытша тастап, қыстан шығу үшін ағайындарын сағалап кетті, - дейді №80 үйдің тұрғыны Лариса ХАЙРУШЕВА. - Біздің шағымымыздан кейін әкімдер келіп, жағдаймен танысып, операторларға жылу қысымын көтеруге тапсырма берді. Бүгінде дәл менің үйімдегі жылу батареялары ысып қалыпқа келгендей болды, бірақ бәрінде жағдай бірдей емес. Мердігер компания құрылысшылары терезе, есік айналасындағы жарықтарды жамап жатыр.

- Батареялардың үсті ыстық болса, астыңғы бөлігі салқын күйінде тұрады. Ауасын шығарғанымызбен 15 минуттан кейін қайта салқындайды. Түнде қабат-қабат көрпе жамылып, бір бөлмеге тығылуға тура келеді, - дейді Нұрбек БАҒЫТЖАНҰЛЫ

Баспана иелері жалдамалы пәтерге ай сайын коммунальдық берешектен бөлек 10-13 мың теңгеден төлеп отыр.

- Бұл үй әлеуметтік жағдайы осал санатындағыларға пайдалануға берілді. Тұрғындардың шағымына байланысты жылу жүйесіне тексеру жүрді. Бірақ кінәрат табылған жоқ. Қазір мердігер компания терезе айналасын жөндеп беріп жатыр, - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ.

Индер ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ

- Онда неге тұрғындар үйдің жылуы мардымсыз деп шағымданып отыр?

- Жаңа 48 пәтерлік төрт үйдің шығынынан жылу қысымын төмендетіп отыр деген 80 пәтерлік үйдің тұрғындарының шағымымен келіспеймін. Рас, басында қосқанда салқындап кетті, кейін қалыпқа келді. Ол 4 үйдің жылу шығынын мердігер компания өзі көтеріп алуда. Жалпы жылужай көпқабатты оншақты үйге арналғандықтан қорқудың қажеті жоқ. Кентте бұдан бөлек жылужайлар бар, қалыпты жұмыс жасауын назарда ұстап отырмыз.    

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

26 желтоқсан 2021, 10:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.