Атырау, 8 қазан 19:50
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

​Қылмыс пен оқиғалар тізбегі

1 858 просмотра

17 желтоқсанда «Батыс-40» экипажы Геолог ықшамауданында жолдың жиегінен электр бағанасына соғылған Toyota Camry көлігін тапты. Бірақ салонда жүргізуші болмады.

Тексеру барысында көліктің 30 жастағы Атырау тұрғынына тиесілі екені анықталды. Полиция әйелге хабарласып еді – ол көлігін таңертең біреудің ұрлап кеткенін айтты. Ол өзі де полицияға хабарласқысы келіп отыр екен. Кейін белгілі болғандай, әпкесінің «Тойотасын» 22 жастағы інісі рұқсатсыз мініп кетіпті. Оған қатысты ӘҚБтК 610-бабының 1 тармағы ("Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы") және 611-бабының 2-тармағы ("Жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы") бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

 

* * * * *

13 желтоқсанда Mercedes-Benz автокөлігін тізгіндеген Атыраудың 44 жастағы тұрғыны үш көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен, алайда көп кешікпей полиция оны қолға түсірді.

Оған қатысты 610-баптың 1-тармағы және 611-баптың 5-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

 

* * * * *

Атырауда «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы аясында бір аптаның ішінде көші-қош заңдылығын бұзудың 1254 дерегі анықталды.

Полиция департаментінде хабарлағандай, 956 шетелдік (көбі Өзбекстан азамат) әкімшілік тұрғыдан жазаланса, 33 азамат сот шешімімен елден шығарылған. Сонымен қатар, шетелдіктерді тиісті органдарда тіркемей жұмысқа қабылдағаны үшін ҚР 298 азаматы мен заңды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

* * * * *

Қызылқоға ауданының 43 жастағы тұрғыны автокөлігінен автомагнитола ұрланды деп полицияға жалған ақпарат бергені үшін жазаланды.

17 желтоқсанда Қызылқоға ауданының полиция бөліміне телефон арқылы хабарлама түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері магнитола өз орнында тұрғанын, ішімдік ішкен иесі қалжыңдағысы келгенін анықтады. Оған қатысты ӘҚБтК 438-бабының 1-тармағы ("Арнаулы қызмет өкілдерін көрінеу жалған шақыру") бойынша хаттама толтырылып, 30 АЕК көлемінде (87 510 теңге) айыппұл салынды.

 

* * * * *

Жыл басынан бері Атырауда жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген 20 жүргізуші анықталды.

Бір мысал – 19 желтоқсанда полицейлер Рембаза ықшамауданында Volkswagen Passat көлігін тоқтатты. Сараптама көрсеткендей, 30 жастағы жүргізуші масаң күйде болған. Құжаттарын тексергенде мемлекеттік нөмірдің жалған екені анықталды. Жүргізушіге қатысты ӘҚБтК 608-бабы 1-тармағы ("Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы") және 590-бабы 4-тармағы ("Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару") бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

 

* * * * *

18 желтоқсан сағат 11.10-да Доссор поселкесі Исанов көшесіндегі үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер аумағы 14х8 м болатын тұрғын үйдің шатыры мен ішкі бөлмелері жанып жатқанын көреді.

ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, өрт сағат 13.56-да өшірілген. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда. Доссор поселкесі әкімі Болат Ермековтың айтуынша, үйі өртенген тұрғындарға басқа үй жалданады, кейін үй мәселесі демеушілердің көмегімен шешіледі.

Суретті ТЖД ұсынған.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА мен Ләззат ҚАРАЖАНОВА

20 желтоқсан 2021, 23:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.