Атырау, 8 қазан 21:46
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Атыраудағы MMA кеші: әкенің туған күні, нокауттар мен «гильотина»

Сурет Бейнежазба
1 740 просмотра

Атырауда аралас жекпе-жектен Mergen Fighting Championship-2 турнирі өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Жайық» спорт кешеніндегі спорттық шараға 2 мың көрермен жиналды.

Рингке алғашқы болып Нұр-Сұлтаннан келген Әділет Қошқаров пен өзбекстандық Баходир Тиллабоев шықты. Екеуі де кәсіби спорттағы дебютанттар. Кездесудің 2 минутында жерлесіміз қарсыласын техникалық нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті.

Көрермендерді 26 жастағы Атырау облысы Сүйіндік ауылының тумасы Бердібек Сиражов сүйсінтті. Кездесудің 57 секундында қылғындыру әдісімен Өзбекстаннан келген Шохрух Исмоловты жеңіп кетті. Бердібек кәсіби рингке осымен үшінші рет шығып отыр әрі барлығында да қарсыластарын қылғындыру әдісімен уақытынан бұрын жеңген екен.

Әуесқой муай-тайдан әлем, Еуропа және Азияның чемпионы, Қазақстанның 14 дүркін чемпионы мақаттық Ишан Ғалиев пен Өзбекстаннан келген Хусан Ирматовтың арасындағы жекпе-жек те тез аяқталды. 54 секундта өзбекстандық спортшы техникалық нокаутқа түсіп қалды. Ишан Ғалиев кәсіби аренаға екінші рет шығып отыр және екеуінде де жеңіске жетті.

- Муай-таймен айналысқан уақытта жинаған мол тәжірибем жеңіске жетуге септігін тигізді. Өзіме сенімдімін, кез келген қарсыласпен рингке шығуға әзірмін, - дейді Ишан Галиев.

Атыраулық Исатай Теміров көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 6 жылдан бері кәсіби аренада жүрген Исатай 14 кездесу өткізіп, 9 кездесуде жеңіске жеткен. Бұл жолы да Теміров Әзірбайжандық қарсыласы Достанбек Исмаиловқа мүмкіндік бермеді – 3 минутта техникалық нокаутқа жіберді. Исатай өз жеңісін әкесіне арнады, себебі, дәл осы күні оның туған күні екен.

«Найман» лақап атымен танымал қазақстандық палуан Қуат Хамитов пен атыраулық Нұрберген Шәріповтың арасындағы кездесу өте тартысты өтті. Екінші раундта Хамитов аяғынан жарақат алып, үшінші раундта кездесуді тоқтатуды сұрады. Жеңіс Шәріповтің атына жазылды.

Кештің басты кездесуі Құрманғазы ауданының тумасы Асланбек Тәженов пен украиналық Степан  Литвиненко арасында өтті. «Алыптардың айқасы» қысқа болғанмен, тартысқа толы болды. Литвиненко аяқтан шалғысы келген, бірақ Тәженов оның мойнын «гильотинаға» алып үлгерді. Бұл қылғындыру әдісі жеңіске алып келді.

- Бұл жекпе-жек өзім үшін және маған сенген барлық жан үшін маңызды болды. Мен бес жылдай рингке шықпаған едім, сондықтан бүгінгі кездесу оңай болған жоқ, әрі қарсыласым да тәжірибелі спортшы. Сондықтан да жеңістің дәмі тәтті. Кәсіби спорттағы мансабымды жалғастырамын, - деді Асланбек Тәженов.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Фото мен бейнежазбаны түсірген автор

20 желтоқсан 2021, 09:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.