Атырау, 5 қазан 15:34
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Облыстық ауруханада МРТ аппараты бұзылды, ал жаңасы әзір келмейді

2 015 просмотра

Атырау облыстық ауруханасында тамыздан бері адамның ішкі органдарын тексеретін маңызды магниттік-резонансты томограф жұмыс істемей тұр. Ал жаңасын алу 2022 жылға арналған аурухананың даму жоспарына енгізілген. Алайда өте қымбат тұратын медициналық аппаратты сатып алуға облыстық мәслихаттың депутаттары келісім бере ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Нарықта бұл аппараттың құны 800 млн теңгеден асады әрі мемлекеттік сатып алу рәсімінің ұзаққа созылатыны да бар.

Аурухана емделушілері МРТ аппаратының жұмыс істемей қалғанын жақында білген. Ауруханада оларға жаңа аппарат алынады деген. Алайда бюрократиялық рәсімдерден өту үшін бір жыл уақыт керек. Сонда МРТ аппараты 2022 жылдың соңына қарай келмек.

- Жеке клиникалардағы МРТ-ға тегін жолдаманы әзер аламыз, енді не болады? Бұл аппараттың еш жөндеусіз 10 жыл жұмыс істегенін біле тұра жаңасын алуды мемлекеттік сатып алу арқылы ертерек рәсімдеуге болмады ма? Қазір жаңасы болатын еді. Неге емделушілер зардап шегу керек? – дейді қала тұрғыны Мира РЫСҚАЛИЕВА.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабына қарасақ, МРТ аппараты №1 облыстық ауруханада 10 жылдан бері қолданылып келеді. Бұған дейін жыл сайын сервистік қызмет көрсетіліп, істен шыққан бөлшектерін ауыстыру сияқты техникалық жөндеулер жүргізілген. 6-7 жыл бойы жабдық максималды жүктемемен жұмыс жасаған, себебі, облыста басқа аппарат болмаған. Жергілікті медициналық мекемелерден келген барлық емделушілер күні-түні осы аппаратқа түскен. Соңғы жылдары тозуы себепті жиі істен шыққан. Мамандар соңғы тексеріс кезінде салқындату жүйесінің жұмыс жасамайтынын, гелий бөлінетінін, магнитсізденетінін, негізгі бөлігінің жұмыс жасамайтынын анықтаған. Бұндай аппараттардың бөлшектері Қазақстан мен ТМД елдерінде шығарылмайды. Тек алыс шет елдерден табуға болады. Қосалқы бөлшектер мен техникалық тексерістің құны жыл сайын артып келеді. Жөндеуге қыруар қаражат бөлудің де пайдасы жоқ, себебі, одан кейін де ақаулықтар болуы мүмкін және аппарат тағы бірнеше жыл қызмет етеді деген кепілдік те жоқ.

- Ескі аппарат жұмыс жасап тұрғанда алдын ала жаңасына тапсырыс бере алмадық. Оның үстіне қызмет көрсететін фирма жөндеу жүргізуге дайын болды. Ал ары қарай оның тоқтаусыз жұмыс жасайтынына кепілдік бере алмағаны – басқа әңгіме. Жөндеудің өзі де біраз ақшаны қажет етеді. Оның үстіне аппарат ескірді, тозды, қазір мұндай түрлерін шығармайды. Заманауи, анық түсіретіндер шығарылуда. Сол себепті жаңа МРТ аппаратын сатып алу туралы шешім қабылданды. Әзірге емделушілерімізді кардиоорталықта қабылдайды, - дейді облыстық №1 аурухананың бас дәрігері Ербол ИМАНҒАЛИЕВ.

Денсаулық сақтау басқармасындағылар МРТ-диагностикадан кардиологиялық орталықта (ол жердегі аппарат биыл сатып алынған) және жеке клиникаларда өтуге болатынын хабарлады. Клиникалардың барлығы меншік түріне қарамастан ММСҚ тізімінде тіркелген және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек, қала, аудандағы емхана дәрігерлерінің көрсеткіштері мен жолдамалары негізінде тегін медициналық қызмет көрсете алады.

Алайда денсаулық сақтау басқармасының жауабындағы соңғы бөлік емделушілердің аппаратты сатып алу мәселесі ұзаққа созылып кетеді деген күдіктерін растайды: «Атырау облыстық ауруханасының 2022 жылғы даму жоспарына жаңа МРТ аппаратын сатып алу енгізілен. Ол үшін денсаулық сақтау саласына қаржы бөлуге облыс бюджеті қалыптасу керек. Конкурс ұйымдастырып, жеңімпазды анықтау керек, келісімшарттарға қол қойып, кеденнен, сертификаттаудан өтіп, жабдықтың қолданушыға жеткенін күту керек. Бұл рәсемдердің ҚР заңдарымен бекітілген мерзімдері бар».

Зульфия ИСКАЛИЕВА

11 желтоқсан 2021, 13:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.