Атырау, 22 қараша 06:45
 бұлттыВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

​«Қара дақ» болған 90 теңге

Толықтырылды
2 210 просмотра

Атырау тұрғыны Нұргүл АҚТІЛЕУОВА үш баланың анасы, ІІ топ мүгедегі - табысынан 90 теңге асып кеткені үшін атаулы әлеуметтік көмектен қағылған.

32 жастағы Нұргүл Ақтілеуова – мемлекеттік бағдарлама аясында Атырау қаласындағы Нұрсая ықшамауданында үй жалдап тұрады. Кішкентай кезінде төртінші қабаттан құлап қатты жарақаттанған Нұргүлдің денсаулығы өсе келе сыр беріп, биыл тіптен жүре алмай қалған. Сол себептен тек наурызға дейін жұмыс істеп, ауруы шыдатпаған соң Нұр-Сұлтанға барып, ота жасатқан.

Маусым және тамыз аралығында Нұргүл атаулы әлеуметтік көмекті алып тұрған. Ал, қыркүйектен бері көмекті төлемей қойды. - Қыркүйекте жұмыс орнымнан маған 142 мың теңге көлемінде еңбекке жарамсыздығым үшін өтемақы төледі. Мүгедектігіме байланысты 89 мың теңге зейнетақы алдым. Алимент төлемей жүрген жолдасым 50 мың теңге төледі. Осының бәрін есептеп келгенде, белгілі межеден 90 теңге асып кеткен. Ал бұл АӘК төлеуді тоқтатуға негіз болды. Балаларды мектепке дайындау, азық-түлік, пәтерақы мен тұрмыстық шығындар бар  - бәрі аз ақша емес. Енді қыстыгүні әлеуметтік көмексіз отырмыз, - дейді Н.Ақтілеуова. 

Біздің сайттағы осы жарияланымнан кейін қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және  азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен мынадай жауап келді: «Ахтлеуова Нургуль Абаевна 1988 ж.т. Атырау қаласында жетімдер санатымен алған пәтерде  2010, 2014,2015 ж.т. балаларымен бірге тұрады. 10.08.2021 жылы 2 топ мүгедектігін алған. Жолдасымен ажырасқан. 2021 жылдың ІІ тоқсанына 22743 теңге, ІІІ тоқсанына 121794 теңге МАӘК тағайындалып, төленген. Ал, отбасының 3 тоқсандағы табысы, яғни, шілде айына еңбекақысы 43755 тг, тамыз айына еңбекақысы 142145 тг, қыркүйек айына мүгедектік жәрдемақысы 89729 тг және алименттік төлем 50000 теңгені барлығы 325629 тг/3 айға/ 4 адамға=27135 тг кедейлік шегінен (27045 тг) жоғары болғандықтан 4 тоқсанға МАӘК тағайындауға негіз жоқ. ҚР Конституция күніне тамыз айында 50000 теңге және мамыр айында арнайы комиссия шешімімен 50000 теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Сонымен қатар, желтоқсан айындағы “Халық” қайырымдылық қорынан берілетін азық- түлік тізіміне қосылды.

Барлық көрсетілетін көмектерді тағайындауда Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілері басшылыққа алынады. Яғни, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (әрі қарай-МАӘК) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі №246 «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес тағайындалады. Аталған Заңның 7 бабының 1 тармағына сәйкес МАӘК-тің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен облыста белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептеледі.

Сондықтан, отбасының жан басына шаққандағы кірісі кедейлік шегінен жоғары болған жағдайда МАӘК тағайындауға негіз жоқ екенін қаперіңізге береміз.

Фархат АБИЛОВ

10 желтоқсан 2021, 12:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.