Атырау, 26 сәуір 21:10
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырау әкімі электрмен қамтудағы мәселелер туралы

1 227 просмотра

Қала тұрғындары электрмен қамтудағы олқылықтарға жиі шағымданады. «АЖ» тілшісі Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевқа осы тақырыпта сұрақтар қойды.

Электрмен қамтудағы мәселелер барлық қалада бар, Атыраудағы жағдайды түсіндіріп көрейін. Атқарылған жұмыстарға, қалалық желілерді модернизациялау бойынша міндеттер мен жоспарларға тоқталайын, - деп бастады Қайрат Оразбаев. Оның айтуынша, Береке ықшамауданында қуаты 16 Мвт болатын жаңа ПС 110/10 кВТ қосалқы станцияның құрылысы аяқталған. Ол 30-дан астам көпқабатты тұрғын үйге, 1200 орынға арналған жаңа мектепке, құрылысы жүріп жатқан 290 орындық екі балабақшаға электр қуатын жеткізеді.

- Құны қандай?

- Құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2 млрд 608 млн теңге бөлінді. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі. 30 қарашада қосалқы станцияға кернеу тартылып, сынақ жұмыстары жүргізілді, енді іске қосу қалды. Қосалқы станцияның Контейнерный деп аталатын ықшамауданды болашақта дамытуға, әлеуметтік және коммерциялық нысандарға қажетті қуаттылықты жеткізуге де қауқары бар.

Әкімнің сөзінше, Талғайраңдағы қуаты 25 Мвт болатын ПС 110/10 жаңа қосалқы станцияның құрылыс жұмыстары да аяқталып келеді. Жобаның құұны – 2 млрд 510 млн теңге. Жаңа станция Ақсай, Ақжар, Талғайраң, Бесікті ауылдарымен қатар Талғайраңдағы жаңа құрылыстарды (жаңа көпқабатты үйлер, әлеуметтік және мәдени нысандар) толық қамтиды.

- Береке ықшамауданының тұрғындары электр желісіндегі мәселелерге жиі шағымданады. «АЖ» бұл туралы бірнеше рет жазған.

- Берекедегі желінің көп бөлігі жеке тұрғын үй секторына арналған. Ал, қиындықтар жаңа үйлерді трансформатордың қуатын ескермей, ескі желіге без-берекетсіз жалғай бергенінен болып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында қала әкімдігі 34 көшенің электр желісін толықтай қайта жаңартып, 10 жаңа трансформатор мен тарату қосалқы станциясын орнатуды жоспарлауда. Бұл мақсатқа биыл 100 млн теңге бөлінді, жалпы құны 1 млрд 118 млн теңге шамасында. Қуатты қосып, көшелерді жалғау біртіндеп жүзеге асады, жұмыстар келесі жылы аяқталады.

Қ.Оразбаевтың айтуынша, Зарослый елдімекенінде 2011 жылы электрмен қамту желісін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілген, алайда, кабель мен жабдықтарды ұрлау салдарынан іске қосылмай қалған. Енді жаңа жобалау-сметалық құжаттама жасақталды. Қараөзектегі жаңа қосалқы станцияның ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтіп, жақында тендер жарияланбақшы.

- Менің білуімше, Жұмыскердегі бірнеше жыл бұрын салынған қосалқы станция бір күн де жұмыс жасаған жоқ.

- Иә, №50 қосалқы станция 2011 жылы салынды, бірақ жұмыс жасамады, бөлшектеніп ұрланып бітті. 2020-2021 жылдары біз оны қалыпқа келтірдік, қазір қосалқы станция қайтадан құрастырылып, оған Өркен-1,2 және Жұмыскер ықшамаудандары қосылды. Осы желтоқсан айында оған Еркінқала, Балауса, Ракуш ауылдарының барлық үйлері қосылады.

- Пандемия кезінде қалалық әкімдік 50 трансформатор сатып алған еді, олар қалай жұмыс жасап тұр?

- 2020 жылы сатып алынған 50 жаңа трансформатор қала маңындағы ауылдар мен ықшамаудандарда орналастырылды. Биыл тағы 40 жаңа трансформатор алынып, 32 орын белгіленді. Қалғаны резервта тұрады.

- Нұрсая мен Самалдағы жағдай не болмақ?

- Бұл ықшамаудандар №10 қосалқы подстанцияға байланысты, бірақ жерасты желілерінің тозуы үлкен мәселеге айналып отыр. Қазір лотоктар бойымен тартылатын жаңа полиэтиленді кабель сатып алуға қажетті шығындар есептелуде. Ықшамаудандардың кей бөлігіндегі мәселелер трансформаторларды ауыстыру арқылы шешілмекші.

Фархат АБИЛОВ

8 желтоқсан 2021, 08:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.