Коронавирус пандемиясы безгек салдарынан болатын өлім-жітім санының күрт артуына әкелді, - деп хабарлайды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.
ДДСҰ мәліметтері бойынша, 2020 жылы бүкіл әлемде 241 миллион безгек ауруы тіркелген, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 14 миллионға көп. Сондай-ақ, аурудан қайтыс болғандар саны 69 мыңнан 627 мың адамға дейін өскенін көрсетіп отыр. ДДСҰ сарапшылары инфекция мен өлім-жітімнің қосымша жағдайларының үштен екісін пандемиямен және денсаулық сақтау саласындағы қызметтерге енгізілген шектеулермен байланыстырады.
Қазір безгек ауруының көп бөлігі Сахара шөлінің оңтүстігінде орналасқан Африкада кездеседі. 2020 жылы безгектің шамамен 95 пайызы және одан қайтыс болғандардың 96 пайызы дәл осы аймақтарда тіркелген. 80 пайызға жуық қайтыс болғандар - 5 жасқа дейінгі балалар.
ДДСҰ коронавирус ауруы пандемия басталғанға дейін тұрақты деңгейде жүргізілген безгекке қарсы күрестегі прогресті жойғанын атап өткенімен, безгек ауруы көп кездеспейтін және салыстырмалы түрде денсаулық сақтау саласы жақсы дамыған кейбір елдер пандемия кезінде безгекпен күресуде табыстарға қол жеткізгенін де айтты. Қытай мен Сальвадор 2021 жылы ДДСҰ тарапынан безгек жоқ елдер ретінде сертификатталды.
Безгек - жұқпалы ауру, тропикалық климат тән елдерде жиі кездеседі, ауру кезінде қалтырау және дене температурасының жоғарылауы секілді симптомдар байқалады. Кейбіреулер үшін безгекті жұқтыру қаупі, сондай-ақ, аурудың қауіпті түрінің дамуы жоғары деңгейде өтеді. Олар - нәрестелер, бес жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер.