Атырау, 20 сәуір 17:38
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Спорт жаңалықтары

1 386 просмотра

Ақтөбеде жүзуден республикалық турнир өтті. Атырау командасы бұл ойында тамаша өнер көрсетті.

Дарья Чеснокова арқамен жүзуде 50 метр қашықтықта мәреге бірінші жетті. Оның ағасы Иван да арқада жүзуден 100 метр қашықтықта үздік болды. Әлихан Құтлұмұрат 50 метрлік екі қашықтықта – еркін және баттерфляй әдісі бойынша алтын алды. Тағы бір жоғары дәрежелі медальды брасс әдісі бойынша Арман Әлихан жеңіп алды. 4х50 метрге эстафетада қыздар командасы (Ника Горбунова, Анела Сабырова, Әлия Әубекерова және Маргарита Рамазанова) үздік шықты. Облыс құрамасы барлығы 10 алтын, 3 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды.

* * * * *

Краков қаласында (Польша) ересектер арасында кекушинкай каратэден әлем чемпионаты өтті. Оған 32 елден 684 спортшы қатысты.

Қазақстан құрамасы сапында атыраулық спортшы Нұрбек Идеятов ерекше көзге түсті. Ол 18-21 жас аралығындағы 75 келі салмақта қола жүлдегер атанды.

* * * * *

Таразда 2001-2002 жылы туған жасөспірімдер арасында жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионаты өтті.

58 келі салмақта атыраулық қос спортшы да жүлделі орындарға ие болды. Атыраулық спортшы Әбілқайыр Ұлықбек 58 келі салмақта күміс жүлдегер атанса, дәл осы салмақта Ұлан Әділжанов қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ Ерболат Дулат (64 келіге дейін), Әділхан Ғинаятов (88 келіге дейін) және Рауан Мәденов (98 келіден жоғары) қола жүлдеге ие болды.

* * * * *

Бухарестте армрестлингтен әлем чемпионаты өтті. Оған 68 елдің өкілдері қатысты. Қазақстан құрамасы сапында атыраулық ардагер спортшылар 2 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды.

Махамбет ауданының спортшысы Алмагүл Қанатова қос қолында әлем чемпионы атанса, Исатай ауданынан келген Рахия Молдашева екі қолына күміс медальдан жеңіп алды.

* * * * *

Нұр-Сұлтан қаласында парадзюдодан өткен Азия және Океания чемпионатында атыраулық спортшылар тамаша өнер көрсетті.

Алтын медальді Дәулет Теміржан (73 келіге дейін), Зарина Байбатина (ауыр салмақта), Ғалымжан Смағұлұлы (81 келіге дейін), Жанбота Аманжол (90 келіге дейін) және Диана Амангелдиева (63 келіге дейін) жеңіп алды. Ерлан Өтепов (100 келіге дейін) күміс, Амандық Бақтығалиев (81 келіге дейін) қола жүлдені еншіледі.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

7 желтоқсан 2021, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.