Атырау, 9 қазан 00:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Таубаев пен Басаровтың ісі: бұл - баланың ісі

1 833 просмотра

Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта Атырау облысының бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровтың ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Сот Басаровтың қалай ұсталғаны көрсетілген бейнежазбаны қарап, тергеу тобының астаналық жетекшісі Олжас Тобашевтан жауап алды.

Жедел-тергеу бейнежазбасында Басаровты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі арнайы тобының бірнеше мүшесі ұстап жатқаны көрінеді. Оның қасында жерде сұр түсті металл шабадан тұр.

- Шабадан Басаровтан алынғанын кім дәлелдейді? Оның осы шабаданды ұстап тұрған видеосы бар ма? Басаров қылмыс үстінде қолға түскен жоқ. Саусақ іздері де жоқ, демек, шабаданды ұстауға қатысқандар әкеліп сол жерге қоя салған, - деп мәлімдеді Н.Таубаев.

Қорғаушы Игорь Вранчев Басаровтың қай жерде ұсталғаны туралы сұрақ қойды.

- Өз үйінің жанында, сыртта,- деп жауап берді Олжас Тобашев.

- Видеода неге ұсталған сәт жоқ?

- Хаттамада бәрі көрсетілген.

- Мен қандай негізбен жарты жылдан астам уақыт түрмеде отырмын? Мені Басаров қылмыс үстінде ұсталды дегеннен бір сағат бұрын ұстады, бұл дегенің «елки-палки» барып тұрған сандырақ! – деп ызаланды Таубаев.

Судья Зарема Хамидуллина оған әдепсіз сөздерді қолданғаны үшін ескерту жасады. Таубаев болса, оның әдеби сөз екенін, тіпті атауы дәл сондай фильм бар екенін айтты. Кейін сіздің тілшіңіз Гуглға жүгінді, сотталушы ресейлік актерлер Иван Ургант пен Сергей Светляков түскен Тимур Бекмамбетовтың әйгілі «Елки» фильмін меңзеген болар. Бірақ ол фильмде жаңағы қос сөздің екіншісі жоқ. Сонымен қатар интернет 1988 жылы түсірілген «Елки-палки!» деген кеңестік фильмді де көрсетті.

Жә, кейін оралайық: сотталушылардың қорғаушылары соттың назарын тағы да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері Таубаевты Басаровтан бұрын өз үйінен алып кеткеніне аударды. Олардың негізгі аргументі мынадай:

- Басаровтың ұсталғаны тіркелмеген, алайда ол жерде екі камера жұмыс істеп тұрды; тергеуші мен айғақ адамның көрсетуінше, олар келгенде Басаровты жедел уәкілдер ұстап тұрған. Шабадан оның қолында болмады. Неге?

Бұл сұраққа және тағы да басқа қойылған сұрақтарға жауап ретінде Тобашев уақыт өтіп кеткендіктен кейбір тұстары есінде қалмағанын жеткізді.

- Адамдар астанадан заңсыз келіп, мені заңсыз ұстайды. Ал енді келіп мына адам есімде жоқ дейді. Баланың ісі бұл! – деді Таубаев.

Кейін жасырын жазбадағы жәбірленушінің Таубаевтың кабинетінде саусағымен көрсеткен жеті пайыз туралы әңгіме өрбіді

- Сіз мен келісімшарт сомасынан жеті пайыз талап еттім деп отырсыз. Ал әңгімелесушімнің саусақтарын жыбырлатқанынан басқа бұл тергеу әрекеттерінің материалдарында тіркелді ме? – деп сұрады Таубаев.

- Нақты осы сан туралы сіздің сөздеріңіз жазылмады, дегенмен жалпы тергеу материалдарымен расталды, -деп жауап берді Тобашев.

Сот процесі жалғасуда.

Фархат ӘБІЛОВ

6 желтоқсан 2021, 12:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.