Атырау, 29 наурыз 02:24
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​Зейнеттің жыр болған ақшасы

1 761 просмотра

Жыл басынан бері Атырау облысында зейнетақы шотындағы «артық» ақшасын алу үшін 63705 тұрғын өтініш берген екен. Оның ішінде 46 113 тұрғын үй-жайын жақсарту үшін ақшасын пайдаланған. Ал, ақшасына әзір тимей, жинап жүргендер үшін «шекті мөлшердің» өзгеруі күтпеген жаңалық болды.

Зейнетақы қорының жергілікті филиалында бұл жаңалыққа қатысты түсінік бермеді, тек жыл басынан бері облыс тұрғындары зейнетақы шоттарынан 244 млрд 127 млн теңге алғанын хабарлады. 17 262 тұрғынның өтініші бойынша бас тартылған.

- Кейбір өтініш берушілер өздері түсіріп алатын сомадан артық көрсеткен. Мәселен, бір миллионның орнына 1,5 млн теңге сұраған. Сонымен қатар өтінішті дұрыс толтырмаған жағдайлар да бар, - дейді БЖЗҚ облыстық филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ.

Өтініші мақұлданған 9 067 адам зейнетақы шоттарына 37 млрд 311 млн теңгені кері қайтарған, көпшілігі 45 күн ішінде оларды пайдаланып үлгермеген, тұрғын үй таба алмаған немесе сатып алудан бас тартқан.

- Адамдар кейде бірнеше өтініш жіберген, біріншіде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында, екіншіде балаларына көмектесу үшін. Немесе бірінші жағдайда үй таба алмай, ақшаны қайтарып, кейін үй тапқан соң қайтадан өтініш берген, - дейді Қ.Құлбарақов.

Ақша жүретін кез келген саладағыдай бұл жерде де көмектесушілер пайда болыпты – олар соманың 20 пайызын берсеңіз, сізге зейнетақы шотынан ақшаны түсіріп береді.

- Біз жолдасым екеуміз несиемізді жапқымыз келді, себебі, жалақымыздың көп бөлігі соған кететін. Дегенмен, тұтынушылық несиені жабуға зейнетақы ақшасы берілмейді. Сол кезде біз достарымыздан «жалған» үй сатып алдық, ал олар бізден сатып алғандай болды. Осындай алыс-беріс жасалды. Бір айдан соң бәрін қайтадан рәсімдеп, екі отбасы да өз үйінде қалды әрі ақшаны да түсіріп алды, - дейді қала тұрғыны Әйгерім.

Осындай пайызды тіске протез, имплант орнатамыз дейтін тіс емханалары да алады, шын мәнінде олар ақшаны алуға қажетті құжаттарды рәсімдеп береді. Шекті мөлшердің өзгеруіне байланысты жақын күндері олардың тағы белсенді бола бастайтыны анық. Адамдар қалай дегенде де зейнетақы жинақтарын түсіріп алғысы келеді, себебі, келесі жылы шекті мөлшер екі есеге артады.

Айтып өту керек, соңғы халық санағына сай Атырау облысында 665 360 адам тұрады. Зейнетақы қорының мәліметінше, қазір 381 705 міндетті зейнетақы қорында 673 млрд 859 млн теңге бар. Ерікті зейнетақы шоттарын ашқан 1441 адам бар, олар қарттығына 43 млн теңге жинапты. Ал, денсаулыққа зиян өндірісте жұмыс жасайтын 26 435 тұрғынға жұмыс берушілері міндетті кәсіби төлемдер төлейді – қазір ол соманың мөлшері 21 млрд 683 млн теңге көлемінде.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 желтоқсан 2021, 00:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.