Атырау, 27 сәуір 01:18
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Мақатта ұлы Анаға ескерткіш ашылды

2 723 просмотра

3 желтоқсан күні Мақат кентіндегі теміржол вокзалы алдында «Боздағын күткен – Ана» ескерткіші тұрғызылып, ашылу салтанаты өтті. Ол Ұлы Отан соғысына кетіп оралмаған жалғыз ұлын демі үзілгенше күткен Сәнді Деңгелбақызына арналған.

- Бұл ескерткішті орнату идеясы неден туындады? – деп сұрадым Мақат ауданының әкімі Шәкір КЕЙКИННЕН.

- Бұл туралы осында екі жыл бұрын жұмысқа келгенде естідім. Туыстарымен сөйлесіп, осы ұлы ананы мәңгі есте сақтап,  ескерткіш тұрғызсақ деген ой туындады. Халық білу керек. Демеушілерді тауып, жылыойлық мүсінші Серік Мәтениязовқа қолқа салған  едік. Ол қарсылық танытпады, - дейді Ш.КЕЙКИН.

Сәнді ананың суретін қолға алған мүсінші Ананың образын сәтті орындап шықты. Оның вокзал маңында орналасуы да тегін емес: ұлым келіп қалар ма екен деген алаңкөңілді ана өмірінің соңына дейін осында келіп, өткен-кеткен пойызға үмітпен қараған.

Сәнді ана 1879 жылы Тайсойған құмында дүниеге келген. Туыстарының айтуынша, оның жолдасы Махамбет ертеректе 1920 жылдары қайтыс болған. Ал жалғыз ұлдары Нәби 1907 жылы өмірге келген.

- Көзі тірісінде Сәнді Махамбетова болып жазылып жүрді. Кеңестік үкімет орнағаннан кейін құжат алу кезінде құжат толтырушы орыс ұлтынан болуы керек, бір-бірін түсінбей, жолдасының атына жазылып кеткен, - дейді туысы Орақ ДЕҢГЕЛБАЕВ.

1930 жылдары ерінен айырылған Сәнді ұлымен бірге Мақатқа көшіп келеді. Нәбидің нағашылары Ерғали, Мырзағали осы өндірісте жұмыста болып, соларды сағалап келген еді. Нәби де кәсіпшілікке жұмысқа орналасып, алғашқыда жұмысшы, кейін кілтші, жерасты жабдықтарын жөндеу бригадасының операторы болып еңбек етеді. Мұнайшылар қатарында соғысқа жұмылдырмайтын броны болса да Нәби 1942 жылдың 11 қыркүйегінде өз еркімен майданға аттанған еді. 35 жастағы Нәби отбасын құрып үлгермеген болатын. Ол Оңтүстік Орал Әскери округінде жедел жаттығудан өтіп, 1 қарашада Сталинград шайқасына қатысып, Паулюстың 6-армиясын қоршап, талқандау жоспары «Уран» операциясы барысында жоғалып, хабарсыз кеткен. Бұл 1942 жылдың 19 қарашасында Сталинград облысы Клет ауданы Бузинки деревнясы маңындағы кескілескен ұрыстан кейін болған. Осы жағдай туралы «қара қағаз» 1943 жылдың басында анасы Сәндіге табысталған. Бірақ баласын өлдіге санамай оны күтуден жалықпайды. «Өлді», «қаза болды» деген хабар болмағанын көңіліне демеу тұтып, күдерін үзбей, балам ауылға келіп қалар деген үмітпен дәм-тұзы таусылғанша 30 жыл бойы күткен еді.

- 1973 жылы маусым айында Сәнді апа қатты науқастанып қалды. Қараған дәрігер: «Жасы нешеде, кімі бар?» деп сұрады. 94 жасқа келгенін, жалғыз ұлы соғыста хабар-ошарсыз кеткенін, өмір бойы соны күтумен өмір сүргенін айтқанымызда, дәрігер: «Жүрегі жас сәбидің жүрегіндей таза екен. Үмітпен сүрген өмірі осынша жасқа жеткізген екен ғой» депті, - дейді туысқандары. Сол жылы Сәнді апа бақилық өміріне аттанады.

...Сәнді апа соғыс жылдары мақаттықтардың қатарында майдандағы жауынгерлерге жылы киім жинау, қолғап,шұлық тоқу істеріне де белсене араласқан. Сол жылдары апайды көріп-білген ауылдастары адамгершілігі мол, қарапайым, таза кісі еді деп айтып отыратын.

Бүгінде Сәнді ананың ағайындарынан туған інісі Ерғали атамыздың ұлы Орақ Ерғалиұлы Деңгелбаев Мақат кентінде, ағамыз бен оның ұл-қыздары Атырау өңірінде тұрады. Ал Сәнді ананың екінші інісі Мырзағали атамыздың ұлы Деңгелбаев Айбат пен оның жанұясы Атырау қаласында тұрып жатыр. Орақ ағамыз Мақат ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, жасы 78 де. Абзал ананың тағдыры мен өмір жолын әрдайым еске алып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде айтып жүрген қарттардың бірі.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

6 желтоқсан 2021, 18:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.