АҚШ-та коронавирустың жаңа "омикрон" штамын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, бұл жағдай Калифорния штатында тіркелген. АҚШ-тың бас инфекционисі Энтони Фаучи Оңтүстік Африкадан оралған адамда коронавирустың жаңа штамының алғашқы жағдайы анықталғанын айтты. Саяхатшы Оңтүстік Африкадан 22 қарашада оралған, оның сынамасы 29 қарашада оң нәтиже берді. Ол өзін-өзі оқшаулады, онымен жақын қарым-қатынаста болғандарда тест теріс нәтиже көрсетті.
"Біз АҚШ-та "омикрон" штамының алғашқы жағдайын анықтау уақыт мәселесі екенін білдік", - деді Фаучи.
"Омикрон" штаммы пайда болғаннан кейін, Америка Құрама Штаттары вакцинация мәртебесіне қарамастан, барлық саяхатшыларға теріс сынақ талап етіп, шетелге сапар шегу ережелерін қатаңдатты. Билік сондай-ақ елге келгеннен кейін міндетті тестілеуді енгізуді қарастырып жатыр.
Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, коронавирустан қайтыс болғандардың көпшілігі АҚШ-та тіркелді, онда вирустан 780 мыңнан астам адам қайтыс болды.
Бұған дейін АҚШ-тың бас инфекционисі "омикрон" штаммының ерекшеліктерін атаған болатын.