Атырау, 20 сәуір 19:23
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Құлсарыда көп балалы ананы өлтіріп кетті (қосымша)

2 075 просмотра

Құлсары қаласында көп балалы ананың өліміне қатысты бірқатар мәлімет белгілі болды. Оның жанында ақша болмаған, сондықтан қылмыс тонау үшін жасалды деуге себеп жоқ. Оның үстіне өзін өлтірген адаммен таныс болған, – дейді әйелдің туысқаны өзін атағысы келмей.

Мекеме гаражының қараңғылау жерінде бірнеше жерден пышақталып, қан-жоса болған әйелдің үстінен түскен ер адам дереу полицияға хабарлама берген. Полициямен бірге «жедел жәрдем» көлігі мезгілінде жеткенімен ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында көз жұмды.

Әйелдің артында жолдасы мен жеті баласы қалды. Алды - 2006 жылы туған, колледжде оқиды, кішісі - бес жаста, балабақшаға барады. Жылыой аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржарық САУЫТОВТЫҢ айтуынша, ерлі-зайыптылар бір жұмыс орнында көп тұрақтамаған.

- Бұл отбасы көпқабатты үйдің бір пәтерінде тұрады. Жағдайлары өте нашар деп айту қиын. Әрине, жеті баланы асырау оңай емес. Сол себепті қолдан келгенше көмек көрсетіп тұрмыз, өздеріне тиесілі қаржылай көмектің бәрін алып отыр. Мектеп жасындағы балаларды мектеп формасы мен басқа да қажетті керек-жарақтарымен қамтамасыз еттік. Қайырымдылық шаралары кезінде тамақтарын апарып тұрамыз. Ай сайын өздеріне тиесілі жәрдемақыны алып отырды. Одан бөлек біз екеуін жұмысқа орналасуға жәрдемдестік. Марқұмның жолдасы қаңтарда жұмыссыз ретінде тіркелді, сол себепті біз оны қоғамдық жұмысқа тарттық. Алайда, белгісіз себеппен жұмысқа шықпай қалатын болды. Сөйтіп, қыркүйекте өз еркімен қоғамдық жұмыстан бас тартты, сол себепті мемлекет бұл отбасыны атаулы әлеуметтік көмек алу құқынан айырды. Қанша жерден жұмыс ұсынсақ та, жасағысы келмей, шығып кете береді, - дейді Нұржарық Сауытов. Әйел бір кездері қаладағы Абай атындағы №5 мектепте еден жуушы болып жұмыс жасаған. Мектеп қызметкерлерінің айтуы бойынша, ол өз ісіне ұқыпты, қарапайым, тиянақты болды, оғаш қылығын байқамаған. Кейін «Ақберен» ЖШС-не де еден жуушы болып ауысқан.

Анасыз қалған балалар қазір аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бақылауында.

Әйелдің туысқаны олардың отбасының жағдайын жақсы деп айта алмаймын дейді.

- Қарапайым, орташа отбасы. Жолдасы кейде арақ ішіп, әйеліне қол көтеретін. Тіпті әйелі қорғанып, полицияға арыз жазғанын да естідік, бірақ кейін арызын қайтарып алған. Аналары әр жерде жұмыс істеп, балаларын асырап жүрді. Оны өлтіріп кетті дегенде, қатты таңғалдық. Көшедегі ұры өлтірді деп айтайын десек, ақшасы да болған жоқ. Естуімізше, өлтірген жігітті бұрыннан да таниды екен. Екеуі ұзақ әңгімелесіп, кейін жігіт әйелге пышақ сұққан. Әйелдің атында екі несие болды. Оны не үшін алғаны белгісіз, - дейді қайтыс болған әйелдің туысы.

Қылмыскерді қылмысқа итермелеген әйелдің оған бережақ ақшасы деген болжам бар.

25 жастағы күдікті тез қолға түсті, ол жасаған қылмысын мойындады. Полицияның хабарлауынша, күдікті ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен («Адам өлтіру») тергелуде. Тергеу жүріп жатқанына байланысты басқа мәліметті полиция жария етпеді.

Фархат АБИЛОВ

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

30 қараша 2021, 22:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.