Атырау, 29 наурыз 17:51
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Жасөспірімдер үйінде өздігінен өмір сүруге бейімдейді

Сурет Бейнежазба
2 101 просмотра

Мемлекеттің асырауында болған «Шаңырақ» балалар ауылынан шыққан балалар пәтер алып, бөлек тұрғанда өздігінен өмір сүруге дайын болмай жатады. Ал жасөспірімдер үйінде олар ортаға бейімделіп, біртіндеп қанатын қағып, өз басымен өмір сүруді үйренеді.

3 ЖАСТАН ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ТІРКЕЛЕДІ

25 адамға арналған екі қатарлы ғимарат бұрынғы жасөспірімдер үйінің ескі ғимаратының орнында бой көтерген. «Шаңырақ» балалар ауылынан шыққан балалар осында тегін тұрып, жұмысын жасап, 23 жасқа дейін осы жерде қоныстана алады. Атырау жасөспірімдер үйінің жаңа ғимаратына демеушілер 241 млн теңге жұмсаған. Қазан айынан бастап мұнда 25 жасөспірім тұрып жатыр. Олар «Шаңырақ» балалар ауылы мен бұрынғы С.Қазыбаев интернатынан шыққан жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Басым көпшілігі осы жерден мемлекеттік баспана алып шығады.

- Біздің өңірде балалар ауылынан шыққан жасөспірімдерге үй беруде мәселе жоқ. Балалар ауылына сәбилер 3 жастан бастап түссе де, оларды үй кезегіне қоямыз, - дейді «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВА. - Көпшілігінің 16 жасқа толғанда баспанасы дайын тұрады. 2019-2020 жылы жиырмадан астам бала үй алды.

16 ЖАСТА – ДАЙЫН ПӘТЕР

17-жасар Дмитрий Буднидің айтуынша, оны ата-анасы кішкентай кезінде бір себептермен Сабыр Қазыбаев интернатына тапсырған. Бірақ кейін қолдарына алып тәрбиеледі. Сонда да үйде ұзақ тұрмаған, әкесі өмірден өткесін анасы мемлекет мойнына қайта тапсырады, енді ол  «Шаңыраққа» тап болады. Қазір ол өзі таңдаған «Туризм және спорт» мамандығы бойынша Атырау сервис колледжінде 3 курста оқиды. Алғашқы 2 курсты балалар ауылында жатып оқыды. Ал 18 жасқа толғанда жасөспірімдер үйіне көшті.

- Жасөспірімдер үйінің ерекшелігі, бұл жақта өмір сүруге бейімделесің. Тамағыңды өзің сатып алып, ақша жаратуды, өз бетіңмен өмір сүруді үйренесің. Мұнда балалармен бірігіп азық-түлік алып, ортақ асханада кезектесіп ас дайындаймыз. Қазір мен үй кезегімді күтіп жүрмін. Шаңырақта жатып оқығанда, ол жерде тамақ, киім бәрі тегін еді, сол уақытта екі жыл шәкіртақымды жинақтап, депозитке салып қойдым. Оны үй алғанда керегіме жаратамын, - дейді Дима алдағы жоспарымен бөлісіп.  

Тәрбиешілердің айтуынша, мұнда көпшілігі колледжде оқып жүріп, қосымша жұмыс істейді. Кейін сол жұмыстарында тұрақтап қалып жатқандар бар. Сондықтан жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту орталығына тіркеліп көрген емес.

ЖАНҒА ЖАЙЛЫ АСХАНА

Бұрынғы бір қатарлы ескі ғимарт 25 балаға арналған. Бірақ ол жерде 8-ақ бөлме, тар болғандықтан екі қатарлы кереует болды, сол жерде 4-5 баладан жатып, ұйықтайтын бөлмелерінде тамақ ішіп, сабаққа дайындалатын. Оған қоса ұлдар мен қыздарға ортақ бір дәретханаға бәрі кезекке тұратын болған.

Жаңа ғимаратта сабақ оқитын жер,  демалыс бөлмесі, жаттығу залы, кір жуатын бөлмесі және  барлық жағдай жасалған үлкен асханасы бар. 8 дәретхана және қыздар мен ұлдардың шомылу бөлмелері бөлек қарастырылған.

Масуда мұнда ағасымен екеуі тұрады. Ол болашақ кондитер, Атырау сервис колледжінде 1 курста оқиды. Жаңа үйдің асханасын бірден ұнатты.   

- Мұнда менің сабақ оқуыма барлық жағдай қаралған. Демалыс күндері бос уақытымда колледжде теорияда үйренген білімімді тәжірибеге асырып, тәтті бөлкелер пісіремін. Ол үшін бұл жерде пештің түр-түрі, ыдыс аяқтар, бәрі қарастырылған. Асханамыз кафенің асханасынан кем емес, - деп ризашылығын білдірді Масуда.

АЗЫҚ-ТҮЛІК АЛЫП, КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМ ЖАСАУДЫ ҮЙРЕТЕДІ  

Г.Ботатаеваның айтуынша, студенттер колледждің жатақханасында да тұра алады. Бірақ олар бірден басқа ортаға түскен соң, қиын жағдайға кезігуі мүмкін. Балалар ауылынан шыққан түлектердің мінезін тәрбиешілер жақсы біледі,  сондықтан олардың жасөспірімдер үйінде тәрбиеленгені жөн деп санайды. Олар осы кезеңнен өту керек.  

- Мемлекеттің асырауында болғандар, үй алып өз бетімен кеткенде де қиындыққа кездесетін шығар?

- Әрине, балаларға «Шаңырақтан» шығып, бірден қоғам мүшесі болып кетуі қиындау. Көбінесе жиналыстарда басқа өңірдегі жасөспірімдер үйінің балалары қарыны аш жүреді, шәкірақысы киімінен ауыспай жатады дегенді естиміз. Ал бізде демеушілер Шаңырақ балалар үйіне азық түлік жеткізіп берсе, ауысқанын осы жасөспірімдер үйіне береміз. Бұлар тек шәртақымен күн көріп отырған жоқ. Мысалы, осы айда шаңырақ үйінен бір бала осында келсе, біз оның бір айлық тамағын қосып беріп жібереміз. Бұл жерде жасөспірімдерді болашақта жеке үйі болған кезде қоғамдық ортада өзін ұстауға, коммуналдық төлемдерді төлеуге, бәріне бейімдейді. Ұжыммен араласып, еңбек етіп ақша тауып, оны жаратуды да үйренеді. Сөйтіп олар 23 жасқа дейін толық қоғам мүшесі болып қалыптасып шығады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірге автор

1 желтоқсан 2021, 16:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.