Атырау, 29 наурыз 19:25
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Азғыр: құбыр бар, бірақ су жоқ

Сурет
2 110 просмотра

Ресми мәліметтерге сәйкес, Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты ең шалғайдағы Азғыр өңірінің тұрғындары 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Іс жүзінде 6 жыл бұрын салынған су құбыры әлі қосылмағандықтан, ауыл тұрғындары әлі күнге дейін құдықтан су тасуға мәжбүр. 

«Қоянды-Сүйіндік- Балқұдық» топтық су құбырының құрылысы 1995 жылы қолға алынып, 2015 жылы аяқталды. Құрылыс кезінде екі мердігер банкротқа ұшырап, құбырлар жарамсыз болып үлгерді. Үшінші мердігер аяқтаған бұл су құбырынан Азғыр өңіріндегі бірнеше ауыл ауыз сумен қамтылуы тиіс болатын. 102,9 км болатын Сүйіндік, Балқұдық, Жалғызапан, Азғыр, Егінқұдық, Батырбек, Қоңыртерек ауылдарына көшеішілік су құбыры жүргізілді. Бірақ тұрғындарға әлі уәде етілген таза су келген жоқ. Су Балқұдық ауылының шетіндегі су тазарту қондырғысына ғана жетеді. Су құбырының арғы бөліктерінде ақаулы жарықтар пайда болған, олардан су фонтан болып атқылап жатыр. 

- Құбырлардың жүргізілуі өте сапасыз болды. Бірақ неге екені белгісіз ауданның мекемелері біріккен комиссия қабылдап алды. Одан кейін «Ақ бұлақ» бағдарламасымен «Бек и Ко» ЖШС үй-үйге дейін су құбырын тартып берді. Бұл жағдайды еш жақсартқан жоқ, су құбырын пайдалану мүмкін болмай тұр. Ауылдан 1 км жерде «Қайрақты» деген сайда екі құдық бар. Халық содан тасып ішіп отыр. Жекеменшік водовоздар бар, соған да тапсырыс береміз, үш тонна су 3 мың теңге. Ауылға басшылар келіп, ауыз су проблемасы жөнінде жиын да өтті. Суды сенімгерлік басқаруға алуға ешкім ұмтылыс танытпайды. «ҚазСушар» мекемесі құбырлардың тартылуы сапасыз болғандықтан, оны алудан бас тартып отырған көрінеді. Өйткені оны қайтадан жөндеу үшін қосымша қаржы керек дейді. Сонымен бір-біріне итеріп салып отыр, ал заррдабын біз тартып отырмыз, - дейді Балқұдық тұрғыны Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ.       

Балқұдық ауылындағы Бейбітшілік көшесінің тұрғыны Махамбет АЛДАШЕВ су құбырын іске қосып қарағанда жарықтар көп болып, суды тыйып тастағанын айтты.

- Су желілері жүргізіліп, іске қосылғанымен Азғыр округінің халқын сумен қамту мүмкін болмай отыр. Себебі «Қоянды» топтық су құбыры «ҚазСушар» РМК Атырау облыстық филиалының теңгерімінде. «Қазсушар» мекемесі суды тек магистральдық су су құбырына дейін жеткізеді. Әрі қарай ол мекеменің міндетіне жатпайды. Тағы бір себеп, «Қазсушар» бойынша бекітілген тариф бір текше метрі 588 теңге болса, ал халық үшін бекітілген тариф 40 теңге. Арадағы айырмашылықтың алшақтығына және үлкен шығынға әкелуіне байланысты нысанды сенімгерлік басқаруға алуға қызығушылық танытушылар жоқ,-дейді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Болатбек СИСАТОВ.

Аудандық әкімшілік бұл мәселені шешу үшін облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВКЕ хат жолдап отырғанын қосымша жеткізді. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суретті түсірген автор

26 қараша 2021, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.