Құтқарушылар Кемерово облысындағы "Листвяжная" шахтасындағы жарылыстан тірі қалған азаматты тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости-ге сілтеме жасап. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі басшысының міндетін атқарушы Александр Чуприян мәлімдеген.
РИА Новости кейін шахтада тірі қалған азаматтың құтқарушы екенін жазды. Чуприян журналистерге қазір шахтада үш құтқару бөлімін қосқанда барлығы 17 адам жұмыс істеп жатқанын айтты. "Алдын ала мәліметтер бойынша дәл осы құтқарушылар тірі қалған адамды тапқан", - деді Чуприян.
Бұған дейін апаттан кейін шахтада қалған 52 адам, оның ішінде 46 шахтер мен 6 құтқарушылардың тірі қалуға мүмкіндіктері болмағандықтан, қаза тапты деп жарияланған болатын.
"Листвяжная" шахтасында қайғылы оқиға 25 қараша күні таңғы уақытта болды. Шахтада метан жарылысы болғанда 285 адам жер астында болған.
Кемерово облысының губернаторы Сергей Цивилевтің айтуынша, жарылыс қаупін азайту үшін "Листвяжная" шахтасының кеніштері табиғи түрде метанмен толтырылуы керек, ал бұл үш күнге созылуы мүмкін. Бұған дейін құтқарушыларға қауіп төнгендіктен, түнде құтқару операциясы тоқтатылған еді.
Төтенше жағдайдан кейін қауіпті өндірістік объектілердің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін Листвяжная шахтасының директоры, директордың бірінші орынбасары және участке басшысы ұсталды.
Кемерово облысында үш күндік қаралы күн жарияланды.