№2 қалалық сотқа 80 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа қатысты қылмыстық іс түсті.
Сот алдында облыс әкімінің орынбасарынан бөлек «Бұйырғын» кооперативінің 55 жастағы директоры Нұрлан БИСЕМБАЕВ та жауапталады. Оларға ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену немесе жымқыру») бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық іс 14 томға жинақталған. Атырау облысының прокуратурасы істі электронды форматта сотқа жіберді.
Естеріңізге сала кетсек, 18 қарашада біздің басылым Атырау облысы әкімінің орынбасары қылмыстық іске қатысы бар екені хабарлаған болатын. Осыдан кейін Қайрат Нұрлыбаев Атырау қалалық полиция басқармасына «АЖ» газетінің тілшісі мен бас редакторын ҚР ҚК-нің 147-бабы («Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтінішпен жүгінген. Алайда кейін ол өтінішін кері қайтарып алды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов бұл атүсті жасалған шешім екенін айтты.
Фархат ӘБІЛОВ