Атырау, 29 наурыз 20:48
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

«Әзірге екі орынбасарыма қатысты тұжырым жасамаймын»

1 188 просмотра

Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТІҢ Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде журналистерді ең алдымен оның сотқа және қылмыстық істерге қатысы бар екі орынбасары бойынша қойылған сауалдар қызықтырды.

Қазіргі уақытта 182 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталған бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВТЫҢ ісі бойынша сот процесі жалғасып, 80 млн субсидияны заңсыз берді деген күдікпен тағы бір орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВҚА қатысты тергеу жүріп жатыр.

– Сотта олардың кінәсі дәлелденсе, отставкаға кету ойыңызда бар ма? – деп сауал қойды әріптестеріміз.

– Нұрлан Таубаевтың кінәсі дәлелденсе, әрине, мен «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, отставкаға кетемін. Қайрат Нұрлыбаевқа және кез келген орынбасарларыма қатысты да осыны айтамын, – деп жауап берді әкім.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 26 қарашасында «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға түзетулер енгізілген еді. Соған сәйкес бірінші басшы қарамағындағы қызметкерге қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде қызметінен кетуге міндетті.

– Облыс әкімінің екі орынбасары қатарынан күдікті болды, қалай ойлайсыз, бұл кездейсоқтық па, әлде жұмыстағы әлдебір проблемаларды білдіре ме? Сіздің тұжырымыңыз қандай? – деп сұрады әріптесім Бағдат АСЫЛБЕК.

- Сұрағыңызға рахмет. Бірақ мен әзірге қандай да бір тұжырым жасамаймын. Бұл істерге қатысты іс-шаралар әлі аяқталған жоқ, сондықтан оларға қандай да бір баға беріп, тұжырым жасау ертерек, - деп жауап берді М.Досмұхамбетов.

Сондай-ақ, әріптестеріміз басқа салалармен қатар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды қадағалайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ отставкасы неліктен қабылданбады деген сауал қойды. Серік Айдарбеков облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бұрынғы басшысы Серік ҚАМИДОЛЛАҒА қатысты айыптау үкімінен кейін отставкаға берген еді. Биыл сәуір айында сот Қамидолланы ҚР ҚК-нің 361-бабы («Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша кінәлі деп танып, бірақ оны «шынайы өкінуіне байланысты» қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Махамбет Досмұхамбетов сол кезде орынбасарының арызын қабылдамай, қатаң сөгіспен шектелді.

– Серік Кенғанұлы Айдарбеков ол кезде үш ай ғана орынбасар болып, басқармаға аз уақыт жетекшілік етті. Сондықтан оның қызметінен кетуіне негіз жоқ деген шешімге келдік, – деп түсіндірді әкім. Мұның қаншалықты дұрыс екеніне жұртшылық баға береді.

Айнұр САПАРОВА

24 қараша 2021, 11:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.