Атырау, 28 наурыз 22:22
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Лайықты білім алуға мүмкіндік

Бейнежазба
1 401 просмотра

«Атырау Рауан» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Саналы ұрпақ» қайырымдылық шарасынан түскен бүкіл қаржы Атыраудағы көпбалалы және жартылай жетім отбасыдан шыққан балалардың ҰБТ-ға дайындық курстарын төлеуге жұмсалады.

Жоба қаңтар айында басталып, алғашқы 7 түлегін түлеткен. Олардың бәрі ҰБТ кезінде орташа 101 балл жинап оның 6-уы жоғары оқу орындарынан білім грантын жеңіп алған.

- Түлектердің бірі алдын ала тестілеу кезінде физика мен математикадан керемет нәтиже көрсетті. Білім беру орталығының бірінде білімін шыңдап, елдегі үздік жоғары оқу орындарының бірі - Сүлеймен Демирел атындағы университетте білім грантын жеңіп алды, - дейді «Саналы ұрпақ» жобасының авторы Дәурен ДАИРОВ.

Жыл басында қор жобаны бастарда Атырау облыстық білім беру басқармасынан Атыраудағы көпбалалы және жартылай жетім отбасында тәрбиеленіп жатқан жоғары сынып оқушыларының тізімін сұратқан. 350 оқушының тізімі ұсынылған. Екі апта бойы тест өткізіп, балаларды білім қабілетіне байланысты іріктеген. Анағұрлым қабілетті балалар Атырау қаласындағы мектептен тыс білім беретін оқу орталықтарында тегін оқыған. Қазір 28 бала осындай білім орталығында білім алуда. Жәрмеңке балалар санын 50-ге жеткізіп, осылайша көп адамға лайықты білім алуға мүмкіндік жасау үшін ұйымдастырылған.

Шара барысында атыраулық аспаздардың қолынан шыққан тәттілер сатылымға қойылып, келушілерге концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Жергілікті зергерлер мен тігіншілер қоғамдық қорға бұйымдарын тегін ұсынып, олар аукцион арқылы сатылды.

- Біз осындай қайырымдылық шарасы болатынын естіп, Нұр-Сұлтан қаласынан достар болып 6 кәсіпкер келдік. Атыраулық зергердің қолдан жасаған сақинасын аукцион арқылы 80 мың теңгеге жолдасыма сатып алдым. Ал әріптесім бастапқы бағасы 60 мың теңге болған қамзолды анасына 350 мың теңгеге сатып алды. Қаржымыз балалардың білім алуына жұмсалып, оларға жаңа мүмкіндіктер берсе, біз соған қуанамыз, - дейді елордадан арнайы келген қонақ Айбек АЙТБЕКҰЛЫ.

Жәрмеңкеге мыңға жуық қала тұрғыны келді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

23 қараша 2021, 16:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.