Атырау, 24 сәуір 03:27
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Әкімдікке қосымша жапсаржай көктемде пайдалануға беріледі

Сурет
1 759 просмотра

Әкімдік ғимаратына жапсаржай мен полицейлерге арналған жаңа сәулетті кешен келер жылдың бірінші жартысында пайдалануға берілмек. Бұл туралы ӨКҚе өткен брифингте облыстық басқарма басшысының орынбасары Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ әңгімеледі. 

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША 

Осы жылдың 10 айында 758 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,3%-ға өсіп отыр (2020 жылы – 614,6 мың шаршы метр). Жыл соңына дейін тағы 904 мың шаршы метрді, оның ішінде 141 мың шаршы метр бюджеттік тұрғын үйді, 630 мың ш. м. – жеке тұрғын үй құрылысы аясында және 133 мың ш. м. коммерциялық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. 

Бюджет қаражаты есебінен 3244 пәтерлік 52 тұрғын үй, оның ішінде 1436 пәтерлік 18 арендалық үй (облыс орталығында – 2, аудандарда – 16); 1808 пәтерлік көпқабатты 34 несиелік тұрғын үй (24 – Талғайраң ықшамауданында, 9 – Береке ықшамауданында, 1 – Индербор поселкесінде) салынып жатыр. 

Осы жылдың соңына дейін 21 үйді пайдалануға беру жоспарлануда – бұл Береке ықшамауданындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша 648 пәтерлік көпқабатты 9 несиелік тұрғын үй және 876 пәтерлік 12 арендалық үй. Осы 12 арендалық үйдің қатарында – Атырау қаласында 240 пәтерлік көпқабатты 1 тұрғын үй, Индер ауданында 272 пәтерлік көпқабатты 5 үй, Жылыой ауданында 300 пәтерлік 3 үй, 1 көпқабатты үй, Мақат ауданында 60 пәтерлік, Қызылқоға ауданында 4 пәтерлік  бір қабатты 2 үй бар.

Бұдан басқа, 348 пәтерлік көпқабатты 5 үйдің құрылысы басталды – Самал ықшамауданында үй салатын компаниялардың қаражаты есебінен салынып жатқан 288 пәтерлі көпқабатты 4 үй және Құлсары қаласында мұнай компаниясының есебінен салынып жатқан 60 пәтерлік 1 тұрғын үй.


9 БАЛАБАҚША МЕН 9 МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР 

Биыл қала маңындағы Водниково және Ракуша ауылдарында әрқайсысы 280 орындық 2 балабақшаның құрылысы аяқталды. МЖӘ аясында Атырауда әрқайсысы 290 орындық 9 балабақша салынуда. Оларды 2022 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл балабақшалар Самал, Береке ықшамаудандарында, Ақжар, Еркінқала ауылдарында, Әбілхайырхан, Сұлтан Бейбарыс даңғылдарында, Байтұрсынов, Белинский көшелерінде бой көтермек. 

М.Жұмабаев атындағы мектеп

Облыста балабақшалардан басқа 9 мектеп пен қосалқы ғимараттар салынуда: Құлсары қаласында 300 орындық; Атырау қаласындағы Балауса ықшамауданында 600 орындық; Дамба ауылында 300 орындық; Ақжар-2 ауылында 600 орындық; Индер ауданы Есбол ауылында 320 орындық; Махамбет ауданының аудан орталығындағы 300 орындық мектеп-интернаты бар 600 орындық; Жаңаталап ауылындағы 300 орындық мектеп-интернаты; Индер ауданы Индербор кентіндегі Көктем мектебіне 80 орындық жалғама; Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы Мырзағалиев атындағы мектепке 350 орындық жалғама.

Ал қазіргі уақытта Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылында 424 орындық, Құлсары қаласында 580 орындық және Береке ықшамауданында 1200 орындық мектеп құрылысы аяқталды.

Биыл демеушілер есебінен Атырау қаласындағы М.Жұмабаев (бұрынғы Ленин) атындағы 300 орындық мектеп пен Талғайраң ауылындағы 900 орындық мектеп құрылысын бастау жоспарлануда. 

Аққыстауда (Исатай ауданы) 100 орындық жатақханасы бар 320 орындық кәсіптік лицей салынып жатыр.

 

ҚҰЛСАРЫДА ЖАҢА АУРУХАНА БОЛАДЫ 

Қазіргі уақытта облыс аумағында 7 денсаулық сақтау нысаны салынуда: Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында 25 орындық фельдшерлік-акушерлік пункт; қала маңындағы Көкарна ауылында 25 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория; Қара Депо аумағында 25 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория; Құрманғазы ауданы Асан ауылында 25 адамды қабылдауға арналған медпункт; облыстық перинаталды орталық аумағындағы кір жуу ғимараты, сондай-ақ демеушілік бағдарламасы аясында – Құлсары қаласында 75 төсек-орындық орталық аудандық аурухана және 200 төсек-орындық тез салынатын аурухана кешені.

 

АУДАНДАРДА СПОРТҚА КӨҢІЛ БӨЛІНГЕН 

Индер ауданында Жарсуат және Көктоғай ауылдарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Исатай ауданын тағы екі спорт нысаны көркейтпек – Жанбайда ДСК мен Тұщықұдық ауылында спорт кешені. Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылында орталық стадион қайта жарақталып, Сағызда спорт кешені жөнделуде. Қала маңындағы Дамба ауылында көпфункционалды спорт алаңдары; Мақат кентіндегі көпфункционалды спорт кешені; Атыраудағы үш шағын спорт залы, Махамбет ауданында 160 орындық ДСК және Құлсары қаласында орталық стадион салынып жатыр.

 

АУЫЛДАҒЫ МӘДЕНИЕТ 

Биыл төрт мәдениет нысаны салынып жатыр: республикалық бюджеттен – Құрманғазы ауданы Азғыр ауылында 100 орындық мәдениет үйі, жергілікті бюджеттен - Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы 200 орындық мәдениет үйі; Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы 400 орындық мәдениет үйі; Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі. 

Қазан айында Махамбет ауданы Сарайшық ауылында визит- орталықтың құрылысы басталды. Ал жақын арада демеушілік қаражат есебінен Атырауда тұңғыш президент саябағының құрылысын бастау жоспарлануда.

 

КӨПТЕН КҮТКЕН КТҚ 

Доссор ауылында кәріз желілері мен ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін Аққыстау кентінде КТҚ құрылысының жобасы аяқталуы тиіс. Ал қараша айында Атыраудың сол жағалауындағы КТҚ-ы іске қосылуы керек. Жаңа нысан қуаты тәулігіне 70 000 текше метрді құрайды.

Сондай-ақ, Махамбет және Ганюшкино ауылдарында кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

 

ПОЛИЦИЯҒА АРНАЛҒАН СӘУЛЕТТІ КЕШЕН 

Атырауда құны 7 миллиард теңгеден асатын полиция департаментінің жаңа ғимаратының құрылысы жалғасуда. Нысанды пайдалануға беру мерзімі әлденеше рет кейінге шегерілді. Бастапқыда 2019 жылдың желтоқсаны, содан кейін 2020 жылдың мамыры, содан соң 2021 жылдың соңы деді. Енді оны 2022 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Көлемі мен сомасы жағынан тағы бір ауқымды жоба – облыс әкімдігіне қосымша жапсаржай. Ол да жыл соңына дейін аяқталады деп уәде етілген еді, бірақ енді 2022 жылдың сәуір айында тапсырылатыны белгілі болды. 

Мамырда 25 орындық Жасөспірімдер үйі пайдалануға берілді. Нысан құны - 240 млн теңге. Атырауда отбасылық үлгідегі Балалар ауылының құрылысы жалғасуда, оның бюджеті - 1 миллиард 709 миллион теңге. 

Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары өз баяндамасында демеушілер есебінен салынып жатқан соңғы екі нысан құрылысының құнын ғана атады. Ал біз барлық нысанның құнын білгіміз келеді. 

Айнұр САПАРОВА

23 қараша 2021, 12:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.