Атырау, 9 қазан 05:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

«Еңбек-Атырау» директоры субұрқақтар үшін емес, балалар лагерін «залалмен» жөндегені үшін сотталды

1 594 просмотра

Биыл маусым айында «АЖ» басылымы Қылмыстық-атқару комитетінің «Еңбек» РМК құрылымына кіретін «Еңбек-Атырау» филиалының бұрынғы басшысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұстағаны туралы хабарлаған болатын. Ал жақында Индер аудандық соты оған үкім шығарды.

Айып орындығында 2019 жылдың 4 қарашасы мен 2020 жылдың 15 маусымы аралығында «Еңбек-Атырау» филиалының директоры қызметін атқарған 41 жастағы Берік ЖАЛМАҒАНБЕТОВ отырды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 366-бабы («Пара алу») және 189-бабы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Атап айтқанда, 189-бап Атырауда құны 1 миллиард теңге болатын 9 субұрқақ құрылысының жобасына қатысты, бұл жобада «Еңбек-Атырау» филиалы мердігер болып, құрылысты аяқтамаған еді.

Алайда әрі қарай бұл айып ҚР ҚК-нің 195-бабының 4-тармағының 2-тармақшасына («Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру») қайта сараланды. Енді әңгіме басқа нәрсе туралы, атап айтқанда, «Еңбек-Атыраудың» «Индер аудандық білім беру бөлімінің балалар өнер мектебі» КМҚК-мен жалпы сомасы 148 млн 492 мың теңгеге 2019 жылдың 23 сәуірінде жасалған екі келісімшарты туралы болды.

Соған сәйкес мердігер бес корпустан тұратын «Жас өркен» жазғы лагерінің ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстарын жүргізуді өз мойнына алған. Индер ауданының Елтай ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан «Жас өркен» бір лекте 170-ке дейін бала қабылдайды. Мұнда бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандар немесе шартты түрде жазасын өтеп жатқандар ғана жұмыс істеді.

Бірінші келісімшарт 66 млн 674 мың теңгеге – лагерьдің жаяу жүргіншілер жолының жарығын, жазғы су құбырын жөндеуге, екінші келісімшарт 81 млн 818 мың теңгеге – балалар корпустарын жөндеуге жасалған.

Әрі қарай құрамына балалар өнер мектебінің басшылығы кірген қабылдау комиссиясы орындалған жұмыстарды қабылдап, олардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылғанын растады. Ал былтыр қыркүйекте экономикалық және сот құрылыс-техникалық сараптама мамандары бірінші келісімшарт бойынша 2 миллион 862 мың теңгеге, екінші келісімшарт бойынша 7 миллион 683 мың теңгеге жұмыс кем орындалған деген қорытындыға келген. Нәтижесінде зиян мөлшері 10 млн 546 мың теңге болған.

Сот үкімінде Жалмағанбетов қабылдау комиссиясы мүшелерінің құрылыс мәселесін нашар білетінін біле тұра, қасақана «ұрлық белгілерінсіз мүліктік залал келтірген» делінген.

12 қазанда Индер аудандық соты Б. Жалмағанбетовты Қылмыстық кодекстің айыпталған бабымен кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу үкімін шығарды. Бұл ретте, сотталушының кінәсін мойындау туралы келісім түрінде прокурормен процессуалдық келісім жасап, келтірілген зиянды өтегені ескерілді.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 11-бабының 3-тармағына сәйкес сотталушының жасаған қылмыс ауырлығы орташа санатқа жатады. ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабына сәйкес сот жеңілдететін мән-жайларды - бұл жағдайда кінәсін мойындағанын, келтірілген зиянды өтегенін, сондай-ақ отбасында жас балаларының болуын ескерді, - деп судья Әділ ҚҰСПАНОВ өз шешімін түсіндірді.

Айнұр САПАРОВА

Автор жасаған фотоколлаж

17 қараша 2021, 11:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.