Атырау, 9 қазан 06:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Малға қанша жер керек және басқа да жер мәселелері туралы

1 584 просмотра

2021 жылға Атырау облысында жеке тұрғын үй құрылысына 3 мыңға жуық жер учаскесін беру жоспарланған болатын. Бүгінде 2 мыңнан астам жер телімі бөлінді (оның 1300-і Атырау қаласының маңында). Жыл соңына дейін жоспар орындалады. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен жиында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек ЕРМЕКҚАЛИ мәлімдеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде өңірімізде 121 мыңнан астам адам жер кезегінде тұрса, оның 91 730-ы облыс орталығында.

- Әр азамат өз нөмірін atyrau.gov.kz және zher.atyrau.gov.kz сайттарынан ЖСН арқылы біле алады, - дейді Ә.Ермекқали. – Ал жақын арада жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу кезегі еліміз бойынша орталықтандырылады.

Жалпы Атырау облысындағы жер көлемі 11 миллион 863 мың 100 гектарды құрайды. Қолдану мақсатына қарай ол 7 санатқа бөлінеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы қажеттілігіне 2 миллион 883 мың гектар жер бөлінген. 64 ауылдық округтегі 155 елді мекеннің жер көлемі 962 500 гектарды құрайды. 223 500 га – коммерциялық мақсаттағы учаскелер. Ерекше қорғалатын жер көлемі - 156,5 мың гектар, орман қоры - 56 мың гектар. Қалған аумақты пайдалану әзірге жоспарланбаған. Бұдан басқа, Ресей Тайсойған полигонында бізден 125 мың гектар жерді жалға алып отыр (2018 жылға дейін ол 749,6 мың болатын).

Әлібек Ермекқалидың айтуынша, жер қатынастары саласында көп өзгеріс болады. Мысалы, келесі жылдан бастап жерді қорғау және пайдалануды бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзырынан орталық мемлекеттік органға, яғни ауыл шаруашылығы министрлігіне ауысады. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурстық негізде электронды платформаға беру тетігі қарастырылуда.

Игерілмеген жерлерге қатысты: спикер бүгінде барлығы 182 300 гектар игерілмей жатқанын айтты. Оның 80 мыңы биыл (көп уақыт өткен) мемлекет меншігіне қайтарылды, қалған меншік иелеріне дереу игеруге кірісу тапсырылды.

- Осы ұйғарымнан кейін олар әрекет етпесе, алдымен жер салығы екі еселенеді. Егер бұл да нәтиже бермесе, жер телімдері мемлекетке қайтарылады, - деді Ә.Ермекқали. Қазір Qoldau.kz сайты арқылы жүргізілген мониторингтің арқасында жер телімдерін қайтару үдерісі жеделдеді.

Сонымен қатар, ол биыл Атырау облысында 216 шаруа қожалығы ашылып, оларға 163 мың гектарға жуық жер бөлінгенін айтты. Әрбір мал басына белгілі бір аудан есептеліп, егер осы есеп бойынша мал басы бөлінген жердің 20 пайызынан азын алып жатса, онда учаске игерілмеген болып есептеледі.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер конкурстық негізде, ал коммерциялық жерлер аукцион арқылы сатылуда. Мәселен, биыл аукцион арқылы жалпы сомасы 383 млн теңгеге 200 гектар болатын 82 жер коммерциялық мақсатқа сатылды.

Айнұр САПАРОВА

15 қараша 2021, 12:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.