Атырау, 9 қазан 06:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

№30 мектепте оқушыларды «қауіпсіздік мақсатында» бір күнге онлайн режимге көшірді

2 249 просмотра

Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында оқу шұғыл онлайн режиміне көшірілді. Әлеуметтік желіде хабарланған себебі - «мектеп фойесі мен кейбір кабинеттерде гипс блоктары құлап жатыр». «AЖ» тілшісі мектеп директорымен сөйлескенімен, ғимаратқа кіргізбеді. Төменде - толығырақ.

Дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін №30 мектеп-гимназиясы Авангард – Жилгородок көпірінің жанында орналасқан, мұнда 2150 бала оқиды. Ғимаратқа кіргенде, кіре берісте мені мектеп директоры Гүлфия ЕСҚАЙЫРОВА күтіп алды.

– 2018 жылы мектеп қабырғалары жарыла бастады. Сол кезде комиссия күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет деген қорытындыға келді. Әзірге жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда, күрделі жөндеуге қанша қаражат қажет болатынын білмеймін. Ал жақында жауған жаңбырдан кейін фойе мен 8-10 сынып оқушыларына арналған кабинеттерде гипс блоктары опырылып түсті, - дейді Г.Есқайырова. - Балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ, бірақ оқушылардың қауіпсіздігі үшін олар онлайн оқытуға көшірілді.

- Балалар мектепке қашан оралады?

- Мұны білмеймін.

Мен әрі қарай кіріп, ол жерде не болғанын өз көзіммен көргім келген. Бірақ директор бұған үзілді-кесілді қарсы болды:

- Сізді мектепке кіргізе алмаймыз. Бізде - карантин режимі енгізілген. Сізді тіпті аулаға да кіргізбеуге құқығым бар.

Менің екпе паспортым, «Ашық» бағдарламасы бойынша «қауіпсіз» мәртебем бар екеніне және бәрібір мектепте оқушы жоқ емес пе дегеніме директор көнбеді.

Сәл кейінірек қалалық білім беру бөлімі түсініктеме берді: «Оқу мекемесінің техникалық жағдайын тексеру үшін «Q-Эксперт» ЖШС-мен келісім жасалды. Олардың қорытындысына сәйкес, шатырда күрделі жөндеуді қажет ететін ақаулар бар. Осы олқылықтарға байланысты оқу орнында бетон төбесінің әр жерінен су ағып тұр, аспалы «Армстронг» төбесінің қаптамасы ісініп, құлап жатыр (яғни бұл гипс блок емес). Осы жағдайларды ескере отырып, техникалық қорытынды негізінде шатырды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалады». Осы кезде қалалық білім беру мекемесі «бұл жағдай оқу үдерісіне еш әсер етпейді, ертең мектеп оқушылары үйреншікті оқу форматына көшеді» деп хабарлайды. Темірдей логика...

Айта кету керек, №30 мектеп ғимараты 2002 жылы «Игілік» бағдарламасы аясында ТШО қаржысына салынған. «AЖ» тілшісінің сұрағына компания былай деп жауап берді: «Заңнамаға сәйкес, объектіні облыстық құрылыс басқармасы авторлық-техникалық сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін пайдалануға қабылдады. Осы жылдар бойы ол жергілікті атқарушы органдардың құзырында, сондықтан сауалдар осы органдарға қойылуы керек».

Фархат АБИЛОВ

Суреттерді түсірген автор

12 қараша 2021, 15:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.